Украинадағы соғыстың аяқталуының төрт түрлі сценарийі

6873

Украинадағы қасірет қашан тоқтайды деген сұрақ украиналықтардың ғана емес, дүние жүзіндегі халықтардың көкейіндегі күпті мәселеге айналды. Расында да, күн сайын белең алып бара жатқан шайқастың қашанға дейін созыларын ешкім білмейді.

Украинадағы соғыстың аяқталуының төрт түрлі сценарийі

Арнайы операция жасаймыз деген сылтаумен 120 мың әскерімен Украинаға басып кірген Ресей президентінің өзі де соғысты қалай аяқтарын білмей шақшадай басы шарадай болуға айналды. Енді оны ыза-кек буып, қаһарын Украинаның бейбіт тұрғындарына төгіп бағуда. Өйткені осы күнге дейін өткен елу күн соғыста Украинаны тізе бүктіре алмады. Керісінше, өршелендіріп алды. Украинаның әскері өліспей беріспейтінін көрсетті.

Екі жақты сын сағаты күтіп тұр. Донбасс жерінде шешуші үлкен соғыс болады деп күтілуде. Владимир Путин 9 мамырға дейін қандай да бір жеңіске қол жеткізсем, сөйтіп Ресей халқының алдына абыроймен шықсам деп жанталасуда. Бұл үшін бұрынғы Донецк пен Лугансктен бөлек ең болмағанда тағы бір азғана жерді шалып барып соғысты тоқтатсам деп ойлайды. Жай жатқан жыланның құйрығын басты деген осы. Ол жылан кері бұрылып, өзіне шапшыды. Ресей билігі құйрығын басқанымызда жылан ары қарай сырғып кетеді, орнына өзіміздің айтқанымызға көніп, айдауымызға жүретін жыланды тағайындап ала қоямыз деп ойлаған еді.

Ал соғыс күннен-күнге шиеленісіп барады. Оның қашан тоқтайтынын ешкім білмейді. Тек әркім әртүрлі болжам айтып жүр. Тіпті соғыс Украина әскерінің Ресей әскерін тықсыра Мәскеуге дейін қуып баруымен тоқтайды деушілер де бар. Кейбір сарапшылар Владимир Путиннің дегені болып, Ресей аз ғана болса да қосымша жер шалып болған соң тоқтайды деп отыр. Әрі бұл әрекет жақын арада аяқталып, соғыс та бітетін көрінеді. Сарапшылардың ішінде соғыс әзірге бітпейтінін, ол тек Владимир Путин өлгенде ғана тоқтайтынын айтып жатқандар аз емес. Бұл соғыстың тым ұзаққа созылып, Палестина мен Израильдің соғысына ұқсап кетуі де мүмкін көрінеді. Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі, әскери шолушы Алексей Арестович бұл соғыс 2035 жылға дейін барады дегенді айтты. Әрине, бұл - оның жеке көзқарасы.

ЦРУ деген аббревиатурамен танымал Орталық барлау басқармасының қызметкері Мэтью Берроуз Ақ үй мен АҚШ Қорғаныс министрлігіне футурологиялық материал мен есеп әзірлеумен айналысады. Футурология дегеніміз – талдаудың негізінде болашаққа божам жасау ілімі. Осы Мэтью Берруоз өзінің есеп материалында Ресей мен Украина арасындағы соғыстың аяқталуының төрт түрлі сценарийін келтіріпті.

Бірінші сценарийін "Жанжалдың түйінделуі" деп атаған. Яғни уақытша тоқтатылуын айтады. Ондай жағдай 2023 жылы орнауы мүмкін. Ал оған дейін ауық-ауық болса да атыс-шабыс жалғаса бермек. Алдағы 2022-2023 жылғы қыста Еуроодақ елдері халқы мен өнеркәсібін мұнай-газдан қыса бастайды. Америкалықтар жанармайдың қымбаттауына шыдамауға айналады. Бұл кезде Ресейдің басына қиындық туады. Экономикасы құлдырап, инфляция өседі. Ресейдің әскери иерархиясы Украинаны жеңу мүмкін емес екенін түсінеді. Түңілген олигархтар, әскерилер және барлау қызметі Путинді отставкаға кетіріп орнына Дмитрий Медведевті қоюды жоспарлап жүр деген қаңқу сөз пайда болады. Бірақ Федералдық қауіпсіздік қызметі сарай төңкерісінің алдын алады, ал Путин ондаған генералды түрмеге тығады.

Ресейдің мұнайына бұған дейін жарияланған эмбарго уақытша алынады. Себебі Еуроодақ елдері өздерінің экономикасын қайта қалпына келтіріп алуы керек болады. Эмбаргоны Америка ғана өзгертпейді. Келіссөздер созыла береді. Ресей Батыстың Украинаға қару-жарақ беруінің тоқтатылуы және Украина мен Грузияның НАТО-ның құрамына алынбауы жайлы кепілдікті талап етеді. Бірақ АҚШ пен Батыс елдері мұнымен келіспейді, Украинаны қару-жарақпен қамтуды жалғастырады. Ресейге қарсы салынған санкциялардың сақталуын қадағалау АҚШ пен Еуропа елдері үшін қиындай бастайды. Санкцияны айналып өтіп, Ресейдің мұнайын алушы елдер пайда болады. Путин қайта жандана бастайды. АҚШ пен Батыс елдері Путин мен Зеленскийді келісімге келтіріп, соғысты тоқтатуға әрекет жасайды. Сол үшін Украинаны қаруландыруды еселеп күшейтеді. Сонда Путин басылады деп күтеді. Ақыры солай болып, соғыс уақытша тоқтайды, бірақ Ресей мен Украина арасындағы қырғи-қабақ соғысқа ұласады.

Бұл – бірінші нұсқа.

Екінші сценарийді "Қырғи-қабақ соғыс" деп атаған. Соғыс тоқтап, Ресей әскері Украинадан шығарылысымен Франция мен Германия кең көлемді бейбітшілік конференциясын өткізуді ұсынады. Ресей мен НАТО арасында қару-жарақты бақылау жөніндегі келіссөздерге жол ашылуы мүмкін. Конференцияның мақсаты – қырғи-қабақ соғысының Ресей мен Еуропа елдері арасына жайылып кетуінің алдын алу. Бірақ конференцияны АҚШ қолдамайды. Германия мен Франция өздерінің қарулы күштерін еселеп күшейтуге көшеді.  Бұл кезде Ресей Қытай мен Азия елдерінің нарығына тәуелді болады және өзінің мұнай экспортын шығысқа қарай бағыттайды. Қытай банкаралық өтем жүйесін кеңейте бастайды. Бұл жүйе SWIFT-тен ажыратылған Ресей үшін тиімді болады. Осылайша, Ресей мен Батыс арасында қырғи-қабақ соғысы орнығады.

Үшінші сценарийді "Ядролық қиямет-қайым" деп атапты. Ресей әскері Украина қалаларын ұзақтан ракетамен атқылауды 2023 жылы да жалғастырады. Өз кезегінде Батыс Украинаны қару-жарақпен қамтуды тоқтатпайды. Путин Украинаға Еуропаның көмегінің жолын кесуге әрекет етеді. Бірақ санкциялар Ресейдің халқын титықтата бастайды. Миллиондаған адам Ресейден кетеді. Путин Украина мен Польшаның шекарасына таяу маңдарға ядролық жарылыстарды жасауға шешім қабылдайды. Әрі мұндай жарылыстармен АҚШ пен НАТО-ны сабасына түсіремін деп ойлайды. Ресейдің ішінде әскердің толқуы байқалады. Бірақ толқуды аяусыздықпен жаншып тастайды. АҚШ Ресейден бүкіл әскерін Донбасстан және Қырымнан шығаруды талап етеді, Ядролық ракетамен атқылаймын деп ескертеді. АҚШ Ресейді толық тізе бүктірмек болады. Бұған Франция мен Германия қарсылық білдіреді. Ресей келіссөздер жасауға көнеді, бірақ АҚШ-тың қойған шартынан бас тартады. НАТО Ресейдің Украинамен шекарадағы әскери базаларын бірнеше рет жай қанатты ракетамен атқылайды. Ресей Польша жеріне екі рет ядролық тактикалық ракета түсіріп жарады.   Осыдан кейін екі жақ ядролық ракетамен атысады. АҚШ Ресейдің әскери базаларын талқандайды. Ал Ресей Украина жерін, НАТО-ның Германиядағы базасы мен АҚШ-тың Гуамадағы және Аляскадағы нысандарын атқылайды. Екі жақта мыңдаған адам бейбіт тұрғын қаза болады, ауаға радиация тарайды. Текетірестің соңы АҚШ пен Ресей арасындағы жасанды интеллект соғысына, яғни кибершабуылдау тәсіліне ұласады.

Төртінші сценарийді "Ғажайып жаңа әлем" деп атаған. Қырым Ресейде қалады. Луганск пен Донецк облыстары Украинаға қарасты автономия мәртебесінде қалдырылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілік конференциясының нәтижесінде соғыс тоқтайды. НАТО мен Ресей арасында ядролық қаруды қысқарту келісімдері жүреді. Бұған Қытай да араласып, Ресейге сөзін өткізеді. 2024 жылы олигархтар мен әскери шенділер Путинге не отставкаға кету, не әскери қылмыстары үшін сотта жауап беру туралы шарт қояды. Путин отставкаға көніп, тыныш саяжайда мемуар жазуға кіріседі. Қырғи-қабақ соғыс тоқтайды. Ал Украина төңірегіндегі бейбіт келіссөздер бүкіл әлемде экономикалық өсімнің басталуына себеп болады.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу