Заң: Тек дәстүрге негізделіп өмір сүруге болмайды

1322

Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез-келген түрі үшін жазаны криминализациялау, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.  

Заң: Тек дәстүрге негізделіп өмір сүруге болмайды

Заң 2017 жылы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін жойылған қылмыстық жауапкершілікті қалпына келтіруді көздеп отыр. Енді әйелдер мен балалардың денсаулығына бірнеше мәрте ұрып-соғу және зиян келтіру кезінде татуласу қарастырылмайды. Жаңа заң қазақстандық қоғамда белең алып, қасіретке айналып кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін сауықтыруды мақсат етіп отыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдерді ұрып-соғу, балалардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіру сынды қылмыстар үшін жазаны қатаңдату қоғамда жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырады деген сенім бар. Өйткені тек дәстүрге негізделіп өмір сүруге болмайды, дәстүрдің дұрыс да, бұрысы да бар. Сондықтан болашағын ойлайтын қоғам ретінде уақытылы бұл мәселелер ескерілгені абзал, біз прогрессивті құндылықтарға ұмтылуымыз керек.

Жаңа құндылықтар жүйесі дегеніміз гендер арасындағы теңдіктің болуы, әйелдердің құқықтарын құрметтеу.

Жалпы қазақстандық және басқа да халықаралық зерттеулер көрсетіп отырғандай, зорлық-зомбылықтың тамыры адамның о бастан бойында бар психологиялық травмасынан бастау алады. Сондықтан осы тұста отбасы институтының рөлін нығайту өте маңызды, себебі отбасы – әлеуметтену процесінің негізгі діңгегі. Яғни жасөспірімнің ертеңіне мемлекет және қоғаммен қатар, ата-ана да жауапты.

Меніңше, бұл құжат бүкіл қоғамды ойлануға алып келеді. Оның құқықтық санасын оятып, барлық әлеуметтік топтың осалдық танытпай, жауапкершілігін арттырады. Зорлық-зомбылықтың қандай да бір түріне мүлдем төзбеушілік принципін қалыптастырады. Сонымен қатар қоғамды архаикалық дүниелерден арылтып, прогрессивті ойлау әдетін қалыптастыра түседі.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу