Жанар-жағармайдың қымбаттауы инфляцияға әсер ете ме

3118

Халықтың басым бөлігі жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек және басқада қызметтердің қымбаттауына алып келеді деп ойлайды. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасады? 

Жанар-жағармайдың қымбаттауы инфляцияға әсер ете ме

Бұл сұраққа жауап беру үшін 2018-2021 жылдардағы Қазақстандағы инфляция индексі (Ұлттық статистика бюросы деректері) мен жанар-жағармай құю станцияларындағы АИ-92 бензині, әрі дизель отынына бөлшек сауда бағасының орташа жылдық өзгеруін (Argusmedia агенттігінің мәліметі) негізге алайық. Бұл ақпарат көзін қазақстандық мемлекеттік органдар ресми түрде мойындаған.

 Деректерге сүйенсек, 2018 жылы Қазақстанда жанар-жағармай бағасының өсуі инфляция индексінен жоғары болды, ал 2019-2020 жылдары бөлшек сауда нарығында жанар-жағармай бағасының төмендеуі байқалды. 2021 жылғы жағдайға қатысты түсінік беру қиын. Себебі тек өткен 7-8 айдың ғана мәліметі бар.

2018 жылы: дизель бағасы 2017 жылмен салыстырғанда 26,8% өскен,  инфляция индексі – 5,43%.

2019 жылы: дизель бағасы 8,5% көтерілсе, бензин 5,1% төмендеген, инфляция индексі – 4,9%.

2020 жылы: дизель бағасы 2,7% төмендеді, бензин 2,1% өсті, инфляция индексі – 7,5%

Жанар-жағармай бағасы инфляция индексі мен тұтыну бағаларының индексіне әсер ететіні белгілі. Менің ойымша, бұл өзгерістердің әсері асыра көрсетілген және бұл тауарлар мен қызметтерге бағаны көтеру кезінде, әрі алыпсатарлық мақсатта пайдаланылады.

Жанар-жағармай бағасы жүк тасымалы қызметінің бағасына әсер етеді деген пікірмен келісуге болады. Мысалы, Шымкенттен Нұр-Сұлтанға жүк көлігі арқылы көкөністер мен жемістерді тасымалдауды алайық.

Жүктің жалпы салмағы – 20 тонна.

Екі қаланың арасы – шамамен 1 500 шақырым.

Отын шығыны – 100 шақырымға 40 литр дизель.

Қарапайым арифметикаға салып есептейік, Шымкенттен Нұр-Сұлтанға жету үшін 600 литр дизель отыны керек.

2020 жылғы қыркүйекте жанар-жағармай құю станцияларындағы 1 литр дизель отынының бағасы – 185 теңге. Демек бір жыл бұрын жүк тасымалдаушының жанармайға жұмсайтын шығыны 111 мың теңге  болды.

2021 жылғы қыркүйекте жанар-жағармай құю станцияларындағы 1 литр дизельдің бағасы 203 теңге болды. Отын шығыны – 121 мың 800 теңге.

Дизель шығыны 10 мың 800 теңгеге немесе 1 тонна жүкке шығын 540 теңгеге артты. Мысалы, 1 келі жүкке тасымалдау шығыны 0,50 теңгеден сәл асты. Тіпті, жүк көлігі Шымкентке бос барса да, дизель отыны бағасының өсуіне байланысты тасымалдау шығыны 1 келі жүкке 1 теңгеден сәл асады.

Осындай қарапайым әдіс арқылы қалаішілік жүк тасымалдары маршруттарының шығынын есептеуге болады.

Жоғарыдағы мысал жүк тасымалы құнының өзгеруін ғана көрсетеді және өнім өндіру кезіндегі шығынды есепке алмайды. Бірақ отын құнының өзгеруі бұл сегментте жоғары мәнге ие емес деп айтуға негіз бар.

Жанар-жағармай құны және оған бағаның өсуі тұтынушылық секторға қарағанда өнеркәсіптік секторға айтарлықтай әсер етеді.

Демек жанармай-жағармай құнының өзгеруі бағаның өсуіне және тұтыну бағаларының индексіне әсер етеді. Бірақ ол біз ойлағандай айтарлықтай деңгейде емес.

Енді Ұлттық экономика министрлігі (ҰЭМ) қабылдаған индекстерді есептеу әдістемесіне назар аударайық. Ұлттық статистика бюросының есебіне сәйкес тұтыну бағаларының индексін есептеу үшін бензиннің салмағы – шамамен 0,031%.

ҰЭМ жүргізген күрделі есебіне сәйкес АИ-92 бензині құнының 10 теңгеге немесе шамамен 6,5% өзгеруі инфляцияның тек 0,35% өсуіне ықпал етеді.

Осыған байланысты Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы маманының пікірін келтірейін:

"Қазақстанда бензин 6,5% қымбаттаған кезде азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 0,71%, азық-түлік емес тауарлар 1,72%, ал ақылы қызметтер 0,46% өседі.

Әрине, көлік қызметтері мен көліктерді пайдалану шығыны (2,52%), киім мен аяқ-киім (1,16%), тұрмыстағы заттар мен тұрмыстық техника (0,86%), тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындар (0,60%), денсаулық сақтау қызметтері (0,90%) қымбаттайды. Бұл жағдай байланыс қызметі, мейрамханалар мен қонақүйлердің бағасына (0,21%) айтарлықтай әсер етпейді".

Жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға әсер ететіні сөзсіз,  бірақ оның үлесі айтарлықтай жоғары емес.

Бензин бағасының 10%-ға өсуі тұтыну бағалары индексіне үлесі инфляция индексінің 5,5%-ға жуығын, ал дизель отыны бағасының 10%-ға көтерілуі инфляция индексінің 1,6%-на тең.

Сонымен қатар "дизель отыны бағасының өсуінен кейін барлық баға көтеріледі" деген пікір экономикада бар. Бірақ бұл қарапайым манипуляция болып саналады және одан адамдардың көбірек пайда табуға деген ұмтылысын аңғаруға болады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген сарапшының болжамынша, алдағы 6 айда нан бағасы 2 есе көтерілуі мүмкін. Ет, сүт және жұмыртқа бағасы да өсуі ықтимал. Оған жанар-жағармай құнының өсуі емес, саланың нарықтық экономикаға көшуі, ішкі және экспорттық нарықтарда бәсекелестіктің артуы себеп болып отыр.

Мұндай үрдіс ел экономикасының барлық секторында байқалады. Экономика тек нарық жағдайында дамиды, ал ол дамыған сайын халықтың табысы да өседі.

Сондай-ақ бағаны тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің өзіндік құны ғана емес, әрі ол осы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге сұранысты да қалыптастыранын есепке алған жөн.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу