Жемқорлардың жегені желкелерінен шығып жатыр

2759

2022 жылдың алты айының ішінде 658 азамат жемқорлықпен сотталды.

Жемқорлардың жегені желкелерінен шығып жатыр

Президент тағы жеті жылға сайланғаннан кейін енді ел-жұрт жаңаша бастамаларды күтетіні рас. Реформалар өз алдына, сонымен қатар ел ішінде сыбайлас жемқорлық жойылса, басшылардың әдептілігі артса деген тілекті айтушылар көп.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Арыға бармай-ақ осы биылғы жылдың ішінде әшкере болған жемқорлық фактілерінің кейбірін атап кетсек, ахуалдың қандай екенін өзінен-өзі түсінікті болады.

2022 жылдың басындағы есептік баяндамаға назар аударсақ, екі айдың ішінде 240 адам парақорлыққа ұрынып әшкере болған. Соның 40 адамы республикалық және облыстық деңгейдегі басшы қызметкерлер болған. Жемқорлықтан кетәрі болмағандардың арасында 1 вице-министр, 1 қала әкімі және облыстық басқармалардың 11 басшысы да бар.

Жемқорлықтың кесірінен келтірілген шығынның орнын толтыру үшін парақорлардың құны 5,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынған.

2022 жылдың алты айының ішінде жасалған жемқорлық әрекеттері жайлы есептік баяндама да осал емес. Бұл аралықта жемқорлықтары үшін 658 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Араларында судьялар, облыс әкімдерінің орынбасарлары бар. Қарамағындағылардан үнемі ақша бопсалаумен айналысқан Қорғаныс министрлігінің логистика және қару-жарақ пен қаржы бөлімінің басшылары ұсталған.

Мысалы, Кентау қаласының әкімі ірі көлемде пара алып, биыл он жылға сотталып кетті. Ол жол жөндеумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директорынан 98 500 доллар пара алған көрінеді.

Таяуда Таразда баспанаға мұқтаждығы жоқ адамдарды пәтер кезегіне алу фактілері болған. Тіпті өмірден өтіп кеткендерді де баспананың кезегіне тіркеген екен. Қайтыс болған 257 адамның үй кезегінде тұрғаны анықталған. Некеде жоқпын, жалғызіліктімін деп пәтер кезегіне тұрған 2000-ға жуық адам некеде тұрған болып шыққан. Ал пәтер сұрап кезекке тіркелгендердің 3000-нан астамының үй-жайы бар. Әшкере болғаннан кейін 1 075 адам кезектен алынып тасталды. Тағы 4 650 адамды пәтер кезегінен шығару үшін үй-жайының бар-жоғы тексеріліп жатқан көрінеді. Егер жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтан таза болса мұндай жағдайдың орын алуы екіталай емес пе?

Ақтөбе облысында жемқорлық жасаған лауазымды тұлғалар әшкере болып, жеп кеткен 197 миллион теңге ақшалары желкелерінен шығыпты. Яғни мемлекеттен ұрлаған ақшаларын қайтарған. Енді бұл қаржымен Мұғалжар ауданының Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысы аяқталатын болыпты.

Жақында Атырау облысында әкімдік қызметкерлері көпбалалы отбасыларға арналған үй салу кезінде атқарылған жұмыстар туралы 330 миллион теңгеге жалған акті жасапты. Бұл жемқорлықтың жолы кесілді.

Батыс Қазақстан облысында пара алған лауазым иелеріне айыппұл салынды. Олар еңбек және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері. Бір қызметкерге алған парасының 60 еселенген көлемінде айыппұл салынды. Бұл айыппұл 60 миллион теңгеге тең. Екінші қызметкерге алған парасының 20  еселенген көлемінде айыппұл салынды. Оның төлеп құтылатын айыппұлы 6 миллион теңге.

Алматылық шенеуніктер бюджет қаражатын қолды қылған. Жазаға тартылған шенеуніктер агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бюджет қаражатын жымқырған көрінеді. Олар агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға бөлінген 423 миллион теңгені қалталарына басыпты. Төрт адам әртүрлі мерзімге сотталып кетті.

Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің Түрксіб ауданы бойынша кірістер басқармасының бас маманы парамен ұсталды. Ол мүгедек кәсіпкерден 260 мың теңге пара алған делінеді. Бас маманға 7,8 миллион теңге айыппұл салынды.

Тізбелесек осылай кете береді. Жемқорлықтан бөлек, шенеуніктердің арасында әдептен жұрдайлары да кездесіп тұрады. Кейде ішімдік ішіп абыройы төгіліп жататыны да болады. Жақында Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданының Юбилейный ауылдық округінің әкімі түн ішінде кафе аралап, ішімдік ішіп, қызметтік көлікпен ызғып жүрген екен. Мас күйінде көлік айдап бара жатқан әкімді Сергеевка қаласында полицейлер тоқтатқан. Бұл әрекеті үшін әкім 20 күн қамауда отырып шыққан. Оның атында көлік жүргізуші деген куәлік те болмаған екен. Этика жөніндегі облыстық кеңес ол әкімді қызметінен босату туралы ұсыныс енгізді.

"Жаңа Қазақстанға" аяқ басқанымыз рас болса, ел ішінде сыбайлас жемқорлық, әкімдердің әдептен аттап кетуі деген сынды мұндай келеңсіз көріністер қоюланбай, керісінше күннен-күнге сұйылуы керек емес пе?

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу