"ҚазМұнайГаз" компаниясының екі еншілесі – "ҚМГ" – өңдеу және маркетинг" және ҚазТрансГаз" таратылады, деп мәлім етті "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев.
"Өңдеу және маркетинг" жылдың соңына дейін таратылатын шығар, ал "ҚазТрансГаз" келер жылдың алғашқы жартысында таратылады", – деді Мыңбаев. Бұл туралы басқарма төрағасы ҚР Парламенті Мәжілісінде "Қазақстан-2050" стратегиясын іске асырудағы "Самұрық-Қазына" АҚ-ның рөлі" атты дөңгелек үстел барысында айтты, деп жазады "Интерфакс-Казахстан".
"ҚазТрансГаз" – газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор. "ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг"-тің негізгі қызмет бағыты – мұнайөңдеу активтерін басқару, мұнай және мұнай өнімдерінің экспортын, мұнай өнімдерін іске асырудың бөлшек сауда желісін дамыту. "ҚазМұнайГаз" Қазақстанның мұнайгаз саласында мемлекеттік мүддені көздейтін, көмірсутегін барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор саналады. Компания акцияларының 90%-ы "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қорына, ал 10%-ы Қазақстанның Ұлттық банкіне тиесілі.