Павлодарда шыбын-шіркеймен күресте Польша елінің технологиясы қолданылмақ

Өңірде дезинсекциялық шараларға дайындық басталды. 

Павлодарда шыбын-шіркеймен күресте Польша елінің технологиясы қолданылмақ Фото: saryarka-samaly.kz

Ертіс өзенінің жағасында орналасқан Павлодар облысы үшін шыбын-шіркеймен күрес әркезде де маңызды. Көктем-жаз мезгілдерінде маса жұрттың мазасын алмау үшін қазірден-ақ әзірлік басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Павлодарда алдағы үш жыл аралығында шыбын-шіркейдің санын азайту үшін 7,8 млрд теңге бөлінді. Бұл сомаға "В и К ЛТД" ЖШС өңдеу жұмыстарын жүргізіп, "Биосфера" ЖШС ғылыми сүйемелдеу жасауы тиіс. Жергілікті билік пен аталған мердігерлер қансорғыштарға қарсы күрестің қамына кірісіп кетті. 

Жоспар бойынша, биыл әуеден өңделетін алқаптың көлемі 45 мың гектарға артып, барлығы 172 мың гектарға жетеді. Бұл ретте облыс орталығының ғана емес, өзен жағасындағы өзге де аудан-қалалардың аумақтары өңделеді. Сондықтан қосымша техникаларды тарту қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, АН-2 маркалы 8 ұшаққа верификациядан кейін тағы екі борт қосылуы тиіс. Сондай-ақ, тосқауылмен өңдеу кезінде қолданылатын екі аэрозольді реттелетін дисперсия генераторына қосымша тағы екі құрылғы алынады. Олардың әрқайсысының қамту қашықтығы - 500 метрге дейін, сыйымдылығы – 1500 литрге дейін. Қолданылатын препараттың көлемі пропорционалды түрде 14,5 мың литрге дейін артады. 

Бұл ретте "Байер" препараттарынан басқа, поляк өндірісінің жаңа жетілдірілген құралдарын қолдану жоспарланып отырғанын да атап өту керек. Олар наурыздың ортасында жеткізіледі деп күтілуде. 

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов шыбын-шіркейді улау жұмыстарын дер кезінде бастау үшін  табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін су мерзімін жіберіп алмау керек екенін қадап айтты. Сонымен қатар, иесіз су қоймаларын, үйлердің жертөлелерін өңдеу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. 

Ал "Қазгидромет" мекемесінің болжамы бойынша, биыл көктем ерте келіп, ауа температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болады. Бүгінде Бұқтырма су қоймасындағы судың көлемі де жылдағыдан 8,6 текше шақырымға көп. Яғни, 38 шаршы шақырым су бар. Мұның барлығы шыбын-шіркейдің ерте шығуына әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті аумақтарды өңдеу ісіне ерте қамдану қажет. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу