"Союз" зымыран-тасығышының апаты кезінде 22 тоннадай керосин мен оттегі төгілген

1880

Министрлік Байқоңырдағы зымыран апатына қатысты түсініктеме берді.

"Союз" зымыран-тасығышының апаты кезінде 22 тоннадай керосин мен оттегі төгілген

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожин Байқоңырдағы зымыран апатына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, зымыран бөлшектері құлаған аумақта радиациялық фон тұрақты.

"Отынның негізгі бөлігі 47 шақырым биіктікте жанды. Болжаммен 22 тонна керосин мен оттегі жерге төгілді. Керосин уытты заттардың төртінші санатына жатады, сондықтан, менің ойымша, ол соншалықты үлкен қауіп төндірмейді. Зымыран тасығыштың бөлшектері құлаған аумақта радиациялық фон тұрақты, сарапшылар барлық сынаманы алды", — деді Нұрғожин үкімет кулуарында.

Ол қазір экологиялық зиян талдауын жүргізу жоспарланып отырғанын атап өтті. 

"Экологияға қаншалықты зиян келгені комиссияның жұмысынан кейін анықталады. Бағалауға энергетика министрлігі жауапты. "Қазғарыштың" қолдауымен бұл жұмыстардың барлығы белгіленген тәртіпте жүргізіледі", — деді вице-министр. 

Техникалық себептер анықталғанға дейін "Союз" зымырандарын ұшыру уақытша тоқтатылған. 

"Жыл соңына дейін тағы үш ғарыш кемесін ұшыру жоспарланып отыр: басқарылатын, көлік кемесі тиелген және ғарыш аппараты бар. Оларды ұшыру-ұшырмау "Роскосмос" техникалық комиссиясының апат себептерін анықтау бойынша жұмысынан кейін шешіледі. Біз бұл жұмыстар үш апта ішінде аяқталады деп күтіп отырмыз", — деді Нұрғожин.

Еске сала кетсек, 11 қазан күні Байқоңырда "Союз-ФГ" зымыран-тасығышы "Союз МС-10" ғарыш кемесін орбитаға шығара алмады. Зымыран-тасығыш апатқа ұшырап, ғарышкерлер отырған капсула кемеден автоматты түрде ажыратылды. Экипаж мүшелері  — ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейг аман. 

Ғарышкерлер отырған капсула Жезқазған қаласынан 25 километр қашықтықта түскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу