1 қаңтардан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа кезеңі басталды

581

Енді заңды тұлғалар, кәсіпкерлер және олардың жұбайлары кірістері туралы деректерді тапсыруға міндеттеледі. Құжат 2021 жылы қабылданғанымен, көпшілік үшін бұл норма күтпеген жайт болды.

1 қаңтардан бастап елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа кезеңі басталды Фото: inbusiness.kz

Осы және қаржы секторының өзге де өзекті мәселелері туралы Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тарқатып айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты — көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықты біртіндеп жою және кімде қандай мүлік, актив, қаражат барын анықтап, әділетті әлеуметтік саясатты жүргізу, деп нақтылады министр. 

Декларация жайында сөз болғанда, бірінші кезекте қызмет көрсету секторы мен кәсіпкерлердің мобильді аударымдардан бас тартып жатқаны ойға оралады. Қаржы министрі не себепті осы норма қабылданғаны жайлы айтып берді. 

"Мобильді аударымдар кезінде ешқандай QR-кодтар не кассалық аппараттар қолданылмағандықтан, бұл операциялар заң аясынан тыс қалады. Сондықтан біз нақты "мобильді аударымдарды" заңдастыруды мақсат етіп отырмыз, яғни аударымдар ретінен кәсіпкерлік белгісі таңылса, біз оларды салық төлеуге міндеттейміз. Мобильді аударымдарды тексеру нормасы бюджет қаражатына байланысты қабылданған жоқ, себебі мұндай операция қазірдің өзінде жүріп жатыр: мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметкерлер аударымдары тексерілуде, бірақ бірде-бір мемқызметкерге не жалпы декларация тапсырғандарға қатысты салықтық тексеріс жүргізілген жоқ. Себебі олар заң аясында аударымдар жүргізіп жатыр", — деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар жыл басынан бері кейбір кәсіпкерлердің қолма-қол ақшамен төлем жасамаған жағдайда бағаны 10%-ға дейін көтеріп жіберген фактілері де кездесіп отыр. Мұндай әрекеттер қаншалықты заңды?

"ҚР-да төлемдер және төлемдер жүйесі туралы арнайы заң бар. Төлемдердің түрлері көрсетілген: қолма-қол ақшамен және қолма-қолсыз жолмен. Қолма-қолсыз төлемдер QR-код не кассалық аппарат арқылы жасалады. Егер де кәсіпкерлер тек қана қолма-қол ақша талап етсе, онда тұтынушының құқығы бұзылады. Сондықтан Қазақстанда мұндай талаптап заңсыз деп есептеледі. Шынымен де, қолма-қол төлем жүргізгенде бағаны көтеру фактілері тіркелді — бұл да заңсыз әрекет. Мұндай жағдайда арнай call-орталыққа 1414 нөмірі бойынша хабарласуға немесе жергілікті Кірістер комитеті органдарына шағымдануға болады", — деп түсіндірді спикер. 

Тағы бір атап өтетіні — жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тексерілмейді және ешқандай шектеу жоқ. Ал сырқаттанған адамдарға не белгілі бір адамға қаржылай көмек ретінде халықтан аударымдар арқылы жиналатын төлемдерге салықтық жүктеме салынбайды. Сонымен қатар донат арқылы қызмет етіп отырғандар бар, соның ішінде, тәуелсіз журналистерге тұсау салынбайтыны айтылды.

"Қазірдің өзінде бізде 400-ден аса блогер тіркелген, 2023 жылы 200 млн аса теңге салық төленді. Егер олардың қызметі кәсіпкерлікпен байланысты болса, олар салық төлеуі тиіс", — деп түсіндірді министр.

Кейбір сарапшылар жаңа норма экономиканың ашықтығына әсер етпейді, тіпті, керісінше көлеңкелі бизнесті одан әрі шарықтатып жібереді деген ойда.

"Бұл жерде атап өтетіні, кәсіпкерлердің басым бөлігі адал қызмет етіп келеді. Біз оларды көлеңкелі бизнеске өтеді деп ойламаймыз. Біздің мақсатымыз — керісінше өзге кәсіпкерлерге кәсібін заңдастыруға көмек беру. Әсіре бізде ШОС-пен айналысуға толық мүмкіндік бар, салық режимінің бірнеше түрі көзделген, ондағы жүктеме 1-4% аралығында, яғни өте төмен көрсеткіш. Сонымен қатар цифрландырудың бар мүмкіндіктерін қолданып отырмыз, e-Salyq Business деген мобильді қосымша бар, соған кіріп, өзіне ыңғайлы салық режимін қабылдап, заң аясында жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар", — деп түсіндірді Премьер-Министрдің орынбасары.

Қаржы министрінің айтуынша, жалпы көлеңкелі экономика кез-келген елде кездесетін дүние, біздегі оның деңгейі 18,8%-ды құрайды. Соңғы 3-4 жылда бұл көрсеткіш 27%-дан осы бүгінгі деңгейге дейін төмендеген. 2025 жылға дейін оны 14-15%-ға жеткізу көзделген. 

Ал өз қызметін адал атқарып жүргендерге түрлі қаржылық және қаржылық емес жеңілдіктер көзделген.

"Тек қана салықтық кодекстің өзінде жеңілдіктер мен преференциялардың 300-ден астам түрі бар. Ал қаржылық көмекке бюджеттен жылына 100 млрд-тан астам қаржы бөліп отырмыз", — деді Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу