1 қаңтардан кәсіпкерлер асыл тұқымды жылқы, қомақты қарызын жіпке тізеді

306

Мүліктің бағасы 3 млн 400 мың теңгеден асса ғана.

1 қаңтардан кәсіпкерлер асыл тұқымды жылқы, қомақты қарызын жіпке тізеді Фото: Inbusiness.kz

1-ші қаңтардан бастап бизнесмендер жиған-терген байлығы мен алған бағалы сыйлықтарын жіпке тізеді. Тіпті, мінген сәйгүлігі мен қомақты қарызын да көрсетуге міндетті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Тыққанын, жұрттан жасырғанын жария қылмаса, салық органдарының тергеуіне ілігуі мүмкін. Жалпы декларация тәртібі қалай жүреді? Нені білу керек?

Сонымен декларация тапсырудың 4 кезеңінің үшіншісіне де жеттік. Енді ірілі-ұсақты 4 млн-ға жуық бизнесменнің дүние-мүлкі түгел есепке алынады. Тіпті жұмыс істемей тұрған "ЖК", "ЖШС"-тер де қатардан қалмауы тиіс. Бұған дейін депутат, шенеуніктер мен квази-мемлекеттік сектордың қызметкерлері жиған-тергенін түгендеді. Жалпы декларацияның бір ғана мақсаты бар. Алған дүниеңіз адал ма жоқ па  тексеру.

Қарапайым ғана мысал. Айдын деген кәсіпкер 2024 жылы 30 млн теңгеге автокөлік сатып алды. Ай сайын 1,5 млн теңге табыс табады. Демек 12 айда 18 млн теңге кірісі бар. Тапқан-таянғаны көлік алуға жетпейді. Сөйте тұра несие рәсімдемеген. Сонда ол көлік алуға жетпей тұрған 12 млн теңгені қайдан тапты деген сұрақ туындайды. Органдағылар бұған дейін тапсырған декларациясын қарайды. Егер онда жиып-тергені толық көрсетілмесе, онда жемқорлыққа қатысы бар-ау деген күмән туады.

"Өзінің атындағы мүліктерін толық дерек көрсетсе, ол шынымен де осындай мүлкім бар еді. Соны саттым. Соның ақшасы есебінен мен осындай автокөлік сатып алдым деп дәлелдеуіне мүмкіндігі болады", - дейді ҚР ҚМ МКК басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Демек декларацияны дұрыс әрі бүкпесіз толтырсаңыз, салық органы тарапынан сұрақ туындамайды. Егер толық көрсетпей, не мүлде есеп бермесеңіз әуелі ескерту, одан кейін 3-тен бастап 300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейсіз. Сондықтан дүние-мүліктен бөлек, 34 млн теңгеге дейін ақшаңызды, бағалы сыйлықты, көненің көзі болған мұраны, тіпті қомақты қарызды да нотариалды куәландыру арқылы көрсету міндет. 

"Олар мынандай мүлікті көрсетуі керек. Ол бағалы қағаздар, активтер, ол биткоиндар болуы мүмкін. Тезрлар болуы мүмкін. Бағалы сыйлықтар ол бізде жылжымайтын мүлік, көлік, шетелдегі бағалы қағаздар және шетелдегі басқа да мүліктер көрсетіледі", - дейді ҚР ҚМ Жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов.

"Асыл тұқымды мысалы сәйгүліктер болуы мүмкін. Қымбат бағалы құстар болуы мүмкін. Асыл тастан жасалған әшекейлер болуы мүмкін. Негізі мұндай қымбат бағалы мүліктің егер оның бір бағасы 3 млн 400 мың теңгеден асса, сол жағдайда ғана бұл мүлікті декларациялау керек", - дейді ҚР ҚМ МКК басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Бірақ бұл жерде бір проблема туындап тұр. Декларация тапсыратын кезде бір заттың құнын білмесеңіз, тәуелсіз бағалаушыға барып бағалату қажет. Алайда кәсіпкерлер әлден қиналып отыр. Мәселен елімізде картинаның сараптама қорытындысын алу оңай емес екен. Өйткені суретті кім салды, оның техникасы мен пайдаланған материалын ескеретін маман жоқтың қасы.

"Тәжірибемнен білемін. Бізге бағалаушылар келді. Бірақ олардың сараптамалық қорытынды беретіндей кәсіби білімдері жоқ. Есесіне лицензиялары бар. Бірақ қалай алғаны түсініксіз. Тіпті бір кездері "бізге көбірек төлесеңіз, бағасын көтеріп қойып береміз" дегендер де болды",-  дейді Орталық Азия бейнелеу өнері галереясының негізін қалаушы Әйгерім Бекқали.

Ескеріңіз, егер сіз сатып пайдасын көрсеңіз ғана бағалату қажет. Жалпы кәсіпкерлерге 8,5 ай уақыт беріледі.

Декларацияны тапсырудың 2 жолы бар. Қағаз жүзінде және электронды түрде. Егер онлайн есеп беремін десеңіз, egov.kz порталы немесе Е-салық мобильді қосымшасы арқылы тізбелеуге болады. Немесе декларацияны қағазға басып шығарып, өз қалаңыздың мемлекеттік кірістер органына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып тапсыра аласыз.

Декларацияда сыйақы, қайырымдылық шарадан немесе қандай да бір сайыстан премия алсаңыз көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені оның бәрі салық базасында тұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу