"10 айда 37,9 мың адам зардап шеккен": Сенатор интернетте алаяқтық асқынғанын айтты

566

Жыл басынан бері елімізде 36,4 мың алаяқтық дерегі тіркелген. 

"10 айда 37,9 мың адам зардап шеккен": Сенатор интернетте алаяқтық асқынғанын айтты Фото: assembly.kz

Сенат депутаты Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында банктердің киберқауіпсіздік деңгейі төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды" дегендей, бүгін ескі жараның орнын тырнамақшымыз. Ол – алаяқтық мәселесі. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз да, не теледидар жаңалықтарын көремін десеңіз де, алаяқтардың құрбаны болғандар жайлы жаңалықтардан көз сүрінеді. Заманауи технологиялар дамыған сайын алаяқтардың алдау схемасы да дамып келе жатыр", - деді сенатор Қаржы министріне жолдаған депутаттық сауалында.

Геннадий Шиповских бүгінде алаяқтардың жасанды интеллектіні де пайдаланып жатқанын жеткізді.

"Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық деректеріне сүйенсек, 2021 жылы республика аумағында 40402 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 39671 азамат 120 341 млн теңге көлемінде зардап шеккен. 2022 жылы 42 813 алаяқтық фактісі тіркеліп, одан 42 621 азамат 97 329 млн теңге көлемінде зардап шекті. Биылғы он айдың өзіңде 36 462 алаяқтық дерегі тіркеліп, одан 37 987 азамат 154 110 млн теңгеге зардап шеккен", - деді сенатор.

Оның дерегінше, алдыңғы жылдармен салыстырғанда тіркелген алаяқтық деректер саны 15%-ға азайса, зардап шеккендердің қаржылай шығыны керісінше 58%-ға артқан.

Осы мәселеге байланысты депутат елдегі банктерге қатысты бірқатар сын-ескертпе айтты.

"Банктердің барлығы цифрландыру бағытында үлкен қадам жасады. Біз тұтынушылар ретінде көп мүмкіндікке ие болғанымыз рас. Десек те, алаяқтардың махинациялық операциялары бүгінгі күні сол банктердің жүйесі арқылы да өтіп жатқаны жасырын емес. Таңғалатын жайт, банктер қомақты пайда таба отырып, неге өздерінің киберқауіпсіздігін күшейтпейді және тұтынушыларды алаяқтардан қорғай алмайды? (...) Жүздеген адамның қаржысын небір құйтырқы жолдармен иеленуге басы жеткен адамның өз мүлкін өз атына жазбасы анық. Осы ретте алаяқтың өз атында мүлкі болмаса, шығын кімнің есебінен өтеледі және оның алгоритмі қалай болмақ?", - деді Геннадий Шиповских.

Бұдан басқа ол құзырлы органдар алаяқтармен күресте заманауи тәсілдерді пайдалануы керек екенін баса айтты. Сондай-ақ банктер өзінің тұтынушыларын алаяқтардан қорғау мақсатында киберқауіпсіздікті жаңа дәрежеге көтеруі қажет, деп түйіндеді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу