Кәсіпкерлер палатасы: 110 өтінім кәсіпкерлер пайдасына шешілді

717

Алматыда кәсіпкерлер құқығы 9,4 млрд теңгеге қорғалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында осы жылдың 9 айына есеп беру барысында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҰКП сайтына сілтеме жасап.

Кәсіпкерлер палатасы: 110 өтінім кәсіпкерлер пайдасына шешілді

Өңірлік палата басшысы өз сөзін статистикалық көрсеткіштерден бастап, оң шешілген мәселелер туралы ақпарат берді.

"2021 жылдың тоғыз айы ішінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына 274 өтінім келіп түсті, соның ішінде бизнестің құқығын қорғау тізбегі бойынша 145 өтінім түсті. Соның ішінде 110 өтінім кәсіпкерлер пайдасына шешілді, бұл 75,8%-ды құрайды", – деді спикер.

Қалалық кәсіпкерлер палатасы басшысының ақпараты бойынша, жыл басынан Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 9 отырысы өтті. Онда 18 мәселе қаралды, оның 5-і оң шешіліп, 9-ы пысықталып жатыр.

Оң шешілген мәселелер қатарында "Қазақстан автокөлікшілер одағы" ЗТБ-ның өтінімі бар. Одақ жергілікті атқарушы органдардың 2021 жылғы қаңтар-наурызда әлеуметтік маңызы бар маршруттардың шығындарын өтеу бойынша субсидияларды аудару мәселесі бойынша жәрдем көрсетуді сұрады. Жұмыс кездесу және палата берген ұсынымлар нәтижесінде, сондай-ақ прокуратура және әкімдікпен бірлескен жұмыс арқылы жолаушылар тасымалы кәсіпорындарына 2021 жылдың қаңтар-наурызына әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша шығындарды өтеу бойынша 9 млрд теңге субсидия аударылды. "Қазақстан көлікшілер одағы" ЗТБ мәселе тез шешілгені үшін Өңірлік палатаға алғыс хат жолдады.

"Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы жұмысының маңызды бағыты – отандық бизнеске қолдау көрсету. Осы ретте "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын атап өту керек. Осы жылдың 9 айында бағдарлама бойынша 22,2 млрд теңге сомасына 17 жоба қаржыландырылып, мақұлданды. Салалық бөлу бойынша сүйемелдеу көрсетілген жобалар арасында өңдеу өнеркәсібі 87% көрсеткішпен көш бастап тұр,  одан әрі қызмет көрсету саласы. "Бизнестің жол картасы-2025" шеңберінде 84,5 млрд теңге сомасына 1 199 жоба қаржыландырылды", – деді Айтуар Қошмамбетов.

Палата басшысы жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік сатып алуларға қатысуына көмектесу екенін атап өтті.

Жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның күшейтілген жұмысының нәтижесінде кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі артты. Мысалы, "Әл Бақара" ЖШС, "Алма-мебель" ЖШС, "Торнадо PLUS" ЖШС сынды отандық тауар өндірушілерге 400 млн теңге сомасына мектеп жиһазын жеткізуге консорциуммен келісімшарт жасалды. "Склад ОВ" ЖШС-мен 50,6 млн теңге сомасына 19 мың секция радиаторын жеткізуге келісімшарт жасалды. 2020 жылмен салыстырғанда жүктемені 30%-ға ұлғайттық. "Алматылифт" ЖШС 449 млн теңге сомасына 46 лифтке тапсырыс алды, жүктеме 20%-ға артты.

Нағыз халық жобасына айналған "Бастау Бизнес" бойынша биыл 2 201 адам оқуды аяқтады, соның ішінде 277 адам кәсіп бастау немесе кеңейтуге грант алды. Бұл жалпы қатысушылардың 12 пайызын құрайтын көрсеткіш.

Бұдан бөлек, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындар базасында оқу орталықтарын құруға көмек көрсетті. Бұл шара кәсіпорындар өзі үшін мамандарды дайындау мақсатында іске асырылып жатыр. Биылғы 9 айда "Атамекен" ҰКП Білім беру ұйымдарының тізіліміне 21 білім беру ұйымы енгізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп.

"Жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандарды дайындау сапасын арттыру, 2020-2021 оқу жылында дуальді оқыту инфрақұрылымын дамыту мақсатында Алматы қаласында жол картасын іске асыру шеңберінде дуальді білім беру жүйесімен 43 колледж және 289 кәсіпорын қамтылған. Осыған байланысты 4 414 үшжақты келісімшарт жасалды", – деп қорытындылады Айтуар Қошмамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу