189 қазақстандық қажылыққа аттанды

608

ҚР Бас консулы Талғат Шалданбай бастаған қазақстандық дипломаттар Жидда қаласының халықаралық әуежайында COVID-19 пандемиясына байланысты екі жылдық үзілістен кейінгі 189 адамнан тұратын Қазақстаннан бірінші қажылар тобын қарсы алды, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

189 қазақстандық қажылыққа аттанды

Айта кетсек, биыл Сауд Арабиясының үкіметі бөлген квотаға сәйкес, киелі орындарға 4 мыңға жуық қазақстандық азамат зиярат жасайтын болады. Оларды биылғы қажылық маусымында тасымалдауды отандық "Air Astana" және "SCAT" авиациялық компаниялары саудтық серіктесі "FlyNas" авиакомпаниясымен бірлесіп, Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан, Шымкенттен және Ақтаудан Жидда мен Медина қалаларына 29 маусым мен 3 шілде аралығында және кері қарай 15-21 шілде аралығында жүзеге асырады (қажылықтың басты жоралғыларын орындау 8-11 шілде аралығында).

"Сауд Арабиясындағы қазақстандық дипломаттар қажылық кезінде туындауы мүмкін проблемаларды азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың өз Отанына уақтылы оралуы бөлігінде шешуге жәрдемдеседі. Ол үшін қажылықты ұйымдастыруға жауапты Сауд Арабиясының билігімен, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ), мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялардың өкілдерінен тұратын Қазақстанның "қажылық миссиясымен" тікелей байланыс орнатылды", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Меккеде және Мединада ҚМДБ ұйымдастырған стационарлық бөлімшелерде қазақстандық дәрігерлер жергілікті медициналық мекемелермен қатар қажылар өтінішпен келген жағдайда тәулік бойы қажетті медициналық көмек көрсетеді.

Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігінің талабына сәйкес, қажыларда медициналық сақтандыру, менингококк инфекциясы мен коронавирусқа қарсы вакцинация туралы анықтама болуы тиіс. Корольдікке келген кезде қажылар 72 сағат бұрын жасалған COVID-19 қарсы теріс нәтижелі ПТР-тест анықтамасын да көрсетеді.

Биыл Сауд Арабиясы билігі бүкіл әлемнен 18-65 жас аралығындағы 1 миллион адам (пандемия басталғанға дейінгі кезеңдегі олардың санының жартысына жуығы) қажыны шақырып отыр. Оған Сауд Арабиясында тұратын жергілікті және шетелдік азаматтар да енгізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу