2019 жылы елімізде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 13,1 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы өкен жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 14,5 мың пәтер салынды. Оның ішінде 6 266 пәтер кілті әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға табыс етілді. Өңірлер арасында бұл тұрғыдан Түркістан (1532 пәтер), Атырау (600 пәтер) және Қызылорда (521 пәтер) облыстары алда келеді. Бұдан бөлек 5 597 пәтер көп балалы отбасыларңа берілді. Түркістан облысы (841 пәтер) бұл тізімде де көш басында. Одан кейінгі орындарда Алматы облысы (686 пәтер) және Нұр-Сұлтан қаласы (549 пәтер) тұр. Сондай-ақ, сатып алу құқығынсыз берілетін пәтерлерге жастар да ие болды. Нұр-Сұлтан қаласында 1050 пәтер, Шымкентте 904 пәтер және Алматы қаласында 576 пәтер кілті еңбекпен қамтылған жастарға табыс етілді.
"Жалпы, Қазақстанда баспанамен қамтамасыз ету тұрғысынан бір тұрғынға 21,9 шаршы метрден келеді. Ендігі мақсат – 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізу", – делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тараптқан хабарламада.