Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) мен екінші деңгейлі банктер осы жылдың 11 айында 687100 теңгенің 195 жалған ақша белгісін (193 банкнота мен 2 монета) анықтады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2,5%-ға аз (200 жалған ақша белгісі), деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көп жағдайда номиналы 5000 теңгелік банкноталар қолдан жасалған, соның ішінде 68 дана бар. Бұл жалпы санының 35,2%-ын құрайды. Одан кейінгі орындарда номиналы 2 000 теңгелік банкнота – 62 дана (32,1%), 500 теңгелік банкнота – 26 дана (13,5%) тұр. Сондай-ақ, қолдан жасалған банкноталардың 19,2%-ы басқа номиналдарға тиесілі.
Қолдан жасалған купюралардың басым бөлігі Алматы мен Алматы облысында анықталып отыр – 157 дана (80,5%) және Шығыс Қазақстан облысында – 15 дана (7,7 %).
Негізінен, Қазақстанда жалған банкноталар компьютерлік техника мен кәдімгі офсеттік қағазда ағынды принтерді қолдану арқылы жасалады. Ал, монета жасаушылар, әдетте, тек визуалды қорғаныш элементтерін ғана сақтап бағады.
ҚҰБ банкноталардың шынайы түпнұсқасын жалған түрінен ажыратуға көмектесетін қарапайым ережелерді еске салады:
- Банкнотаның түсі анық және контрастылы болуы керек, су таңбасы мен номиналдың цифрлық бейнесін көру үшін банкнотаны жарыққа тосып көру қажет.
- Банкнотаның бетінде жазулары бар үзік сызық түрінде шығатын тұтас сүңгуір жіпке де назар аударған жөн. Ол жарықта жазулары бар үзіліссіз жіп секілді анық көрінеді.
- Номиналы 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноталарда түрлі түсті бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар екенін атап өткен жөн. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде бейнелердің түсі жасыл түстен алтын түске дейін өзгереді.
- Сондай-ақ, барлық банкнотада ұстағанда жақсы сезілетін жоғары бедерлі арнайы мөр баспасы бар.
- 2011-2012 жылғы үлгідегі номиналы 10000 теңгелік банкнотаның бет жағында қорғаныш жібі орналасқан, ол сыртқы жағынан сопақ терезе арқылы қаралады.
- 2022 жылғы үлгідегі номиналы 20000 теңгелік банкнотада жарты терезедегі голографиялық жолақ орналасқан. Жолақтың түс алмасу және динамикалық әсерлері бар.
Айта кетейік, купюраларды осы әдіспен тексеру процесі санаулы секундтарды ғана алады және кез келген адамға банкноталардың түпнұсқалығын анықтауға көмектеседі.
Сонымен қатар, шынайы ақшаны жалған ақшадан қалай ажыратуға болатыны туралы ақпаратпен Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми сайтында танысуға болады.