2024 жылы Қазақстанда ауа сапасының стандарты бекітіледі

943

Нұр-Сұлтан қаласы табиғи газға қашан қосылатыны белгісіз күйінде қалып тұр. 2021 жылы қосылмады. 2022 жылы да қосылмайды деп жатыр. Ал 2023 жылы қосылуы тағы неғайбыл. Өстіп-өстіп 2025 жылға қарай бара ма, кім білсін.

2024 жылы Қазақстанда ауа сапасының стандарты бекітіледі

Дегенмен елорданың шеткері аудандарының кейбіріне газ құбыры жетіп, тұрғындардың үйлеріне жалғанды. Қаланың ішіндегі жеке секторға газ жақындағанымен әлі қосылған жоқ. Қала техникалық тұрғыдан 100 пайыз дайын емес. Дайын болған күннің өзінде газды қосу қыруар қаржыны талап етеді. Ал әкімдік тарапы осы мәселеге арнайы бағдарлама қарастырып жатқан көрінеді.

Сондықтан да қаладағы жеке үйлер мен кейбір мекеме, кәсіпорындар қысымен көмір жағады. Көмір жағатын нысандар қаланың барлық жерінде бар. Жел тұрса түтінді шайқап алып кетер. Ал жел қашанғы тұрсын. Жел тұрмаған күндері қаланың үстін түтін құрсап тұрады. Бұл жағдай тұрғындардың денсаулығын бұзуда.

Экологтар қарашаның 16-сы мен 22-сі күндері қаланың ауасындағы зиянды заттарды шектен асырып жіберген 698 нысанды белгілеп алды. Ал 24 қарашада Тәжірибедегі экологтар қауымдастығы деген ұйым еліміздің бас қаласының экологиялық проблемаларын ортаға салып, талқылады. Ауа мен судың ластануына мән берілді.

Жел тоқтаған күндерде ешкім терезесін ашпайды. Себебі қаланы басып тұрған көмір түтіні мен ыс пәтерлерге емін-еркін еніп кетеді. Адамдар тыныс алу органдарының ауруына шалдығып жатыр.

Мәдениеті бар елдерде қаланың ауасы бұзылатыны жайлы алдын ала әрбір тұрғынға SMS хабарлама жібереді. Астма, жүрек-қан тамырлары аурулары бар тұрғындар хабарламадан кейін өздерінің қамдарын жасайды. Біздің еліміздің бас қаласында әзірге осындай қарапайым ғана нәрсе де ұйымдастырылмаған. Жел тоқтайды, түтін басады деп хабар таратса да болатын шығар. Экологтар от жағу маусымында қаланың қай жерлерінде ауа шектен тыс бұзылатынын білуге болатын мобильдік қосымша жасапты. Оған да шүкір.

Оған қоса автокөлік нөпірі де күн сайын қаланың ауасын бұзып жатады. Автокөліктің бәрі бірдей экологиялық талапқа сай деуге келмейді. 2011 жылдан техникалық байқау саласы жеке қолдарға берілген. Жүргізушілер құжатты алғаны болмаса, түтінді шығаратын қондырғыларына тазалап өткізу блоктарын қойып әуреленіп жатпайды. Содан көліктер қалада қара түтінін будақтатып жүргені.

Осы жақында ғана көлік иелеріне техникалық байқаудың құжатын жасап беріп келген ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар 260 жалған диагностикалық карта жасап таратқан. Ұйымдасқан қылмыстық топ Қазақстанның өңірлерінде жалған техникалық құжат жасап берумен айналысатын 28 нысан ашқан. Нысандар фирма ретінде қағазда ғана көрсетілгені болмаса, техникалық байқау өткізудің нышаны да болмаған. Нәтижесінде мыңдаған көлік тексерілмей, экологиялық зияны жойылмаған күйі ауаны ластап келген. Диагностикалық картаны жасап беру бес минут-ақ уақытты алған. Ал әр көлік иесінен 2 мың теңге алып отырған.

2024 жылы Қазақстанда ауа сапасының стандарты бекітіледі деп күтілуде. Ал әзірге әлемдегі стандартқа сай келмейтін болса керек.

Шыны керек, қыстың желсіз күндерінде қаланың кей тұстарында жүріп болмайды. Ащы түтін қолқаны қауып, берекеңізді алады. Қаншама адамдар тыныс алу жолдарының ауруына шалдығып жатыр. Көмірдің түтіні тіке өкпеге барады. Тыныс алмасаңыз тағы болмайды, тұншығасыз.

Табиғи газ келсе, қара түтіннен құтылармыз дегенмен оның ауылы алыстап тұр. Газ құбыры қалаға кіріп-ақ тұр. Оны халыққа таратуға келгенде басшылар асығар емес.

Ал халықтың денсаулығына нұқсан келуі жалғасып жатыр. Әлемдегі ірі қалаларда ауаның ластануы себебінен жылына жеті миллиондай адам көз жұмады екен.

Нағашыбек Алдан   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу