Еліміздің газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес 2030 жылға қарай көгілдір отынмен 13,5 млн адамды немесе халықтың 65%-ы қамту жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына atameken.kz-ке сілтеме жасап.
Осылайша еліміздің орталық және солтүстік өңірлері табиғи газға қол жеткізе алады.
Негізгі көрсеткіштердің қатарына тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту да жатады. Көгілдір отынды алу мен өндіру 2021 жылғы 29,4 млрд м3-ден 2030 жылға қарай 42 млрд м3-ге дейін болмақ. Бұдан бөлек газ тасымалдау инфрақұрылымының тозуын 25%-ға дейін қысқартуды да айтуға болады.
Газдың болжамды теңгерімі бойынша шикі газды өндіруді жыл сайын 1,5 есеге, яғни 57 млрд м3-ден 87 млрд м3-ге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл жыл сайынғы өсімнің орташа есеппен 5%-ға дейін болуына мүмкіндік береді. Оның ішінде жоспарланып отырған жаңа кен орындарын іске қосу арқылы олардың үлесін қазіргі нөлдік мәннен 6%-ға дейін жеткізу жоспарда бар.
"Жоспарға қарамастан, іс жүзінде өндірілетін шикі газдың үштен бірі, негізінен ілеспе мұнай газы қабатқа кері айдау үшін, қабат қысымын қолдауға және басқа да қажеттіліктер үшін пайдаланылатынын ұмытпау керек. Іске асыруға арналған қалған көлемді электр энергиясын өндіруде, газ химиясында және металлургия кәсіпорындарын қайта жарақтандыруда 25 млрд м3-ден 33 млрд м3-ге дейін арттыру жоспарланып отыр", - деп атап өтті "Атамекен" ҚР ҰКП базалық салалар департаментінің басқарушы директоры Дінмұхамед Құдайбергенов.
Кешенді жоспардың тағы бір маңызды тармағына тауарлық газды перспективалық тұтыну бойынша болжамдар жатады. Атап айтқанда, оны газ моторлы отын ретінде пайдалану бойынша іс-шаралардың іске асырылуын жалғастыру. Үкімет 2018 жылы бағдарламаны қаулымен бекітіп, көлік үшін 500 млн м3-қа дейін тауарлық газ резервке қойылды.
"Десек те, қоғамдық көлікті газ моторлы отынға көшіру жөніндегі жоспардың орындалмауын атап өту қажет. Іс жүзінде жылына газдың 50 млн м3-ден артық емес көлемі пайдаланылды. Шағын және орта бизнес субъектілерін міндетті түрде тарта отырып, бағдарламаны жаңарту қажет. Бұдан бөлек өңірлік және әлемдік үздік тәжірибе мысалдары арқылы мемлекеттік қолдау мен ынталандыру шараларын талқылау керек", - деді спикер.
Дінмұхамед Құдайбергенов табиғи газды сығымдау (CNG) және сұйылту (LPG) технологияларын таныту бойынша алда ауқымды жұмыстар тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар институционалдық инвестициялық қорлар мен ESG қаржыландыру арқылы инвестициялар мен озық технологияларды тарту тетіктерін қалыптастыру бойынша жұмыстар да бар.
"Газ теңгерімі Кешенді бағдарламада 2030 жылға дейін жасалды. Онда көрсетілген шаралардың қамтамасыз етілуін осы бесжылдықта іске асыру қажет. Бұл орталық мемлекеттік органдар мен корпоративтік сектор деңгейінде стандартты емес шешімдердің қабылдауын талап етеді", - деп түсіндірді Дінмұхамед Құдайбергенов.
2022 жылғы 18 шілдеде Үкімет еліміздің газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарын бекітті. Оның негізгі мақсатына тұтынушыларды табиғи газбен қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз ету жатады. Бұдан бөлек транзит, ресурстық базаны кеңейту және газ экспорты көлемін ұлғайту бойынша міндеттемелерді орындау да кіреді.