Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, мінәжат орындарына ұрлыққа түсіп, ондағы садақа жәшіктеріне жиналған ақшамен қалтасын қамтитып жүрген азамат Қызылорда қаласының тұрғыны екен.
Түлкібас аудандық полиция бөлімінің басшысы Данияр Мейірхан күдікті жігіттің кезекті бір мешітке ұрлыққа түскен сәтінің видеосын әлеуметтік желі парақшасында жариялады. 25 жастағы азаматтың қылмыс жасауына екінші Алла үйіндегі бейнебақылау камерасы да тосқауыл болмаған. Ол, тіпті, камераны байқағанымен еш саспастан садақа жәшігін бұзып, ішіндегі ақшаны уыстап сөмкесіне салып жатқан сәті видеоға түскен. Түлкібас ауданы бас полицейінің мәліметінше, тергеу аясында жас жігіттің Шымкентте – 20, Түркістанда – 7, Ордабасыда – 3, Алматыда – 3, Таразда – 10 мешітте ұрлық жасағаны белгілі болыпты.
Қазіргі уақытта оның облыстың басқа аудандарында мұндай фактілерге қатысы бар-жоқтығы анықталуда. Қазіргі таңда 1995 жылы дүниеге келген қызылордалық тұрғын қамауға алынып, жергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жансая Тәуекелқызы