450 мыңнан астам салымшының депозиті таратылатын банктерде жатыр

698

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік өтемді төлеу тәртібін оңайлатпақ.

450 мыңнан астам салымшының депозиті таратылатын банктерде жатыр

Қазақстанның банк нарығында елеулі өзгерістер өтіп жатыр деуге болады. "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ және "Астана Банкі" АҚ сияқты қаржылық ұйымдардың таратылып жатқанын осыған дәлел ретінде келтіруге болады. Олардың қатарына "Tengri Bank" АҚ да кіріп отыр.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры таратқан мәліметке сенсек, аталмыш банктерден депозит ашқан 450 мыңнан астам салымшы әлі де қамсыз жүрген көрінеді. Енді осы азаматтарға өздеріне тиесілі ақшаны оңайлатылған тәртіппен қайтарып алу мүмкіндігі туып отыр. Өйткені 2 қаңтар күні Президент "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойған болатын. Осы Заң бойынша, азаматтарға кепілдік берілген өтемді төлеу тәртібі оңайлатылмақ. Мұндай тәртіп бірнеше қадам арқылы жасалмақшы. Біріншіден, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдік берілген өтем төлеудің жаңа тәртібі іске қосылады. Соған сәйкес, лицензиясынан айырылған банктің салымшылары кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті агент банктің бөлімшесіне бармай-ақ, тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ, қор) электрондық тәсілмен бере алады.

"Tengri Bank" АҚ салымшыларына, сондай-ақ қазіргі уақытта таратылып жатқан банктердің ("Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ және "Астана Банкі" АҚ) салымшыларына да осындай мүмкіндік беріледі. Осылайша төлем алу үшін агент банкке әлі күнге дейін бармай жүрген 450 мыңнан астам салымшы 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті онлайн түрінде бере алады", – деп жазылған қордың ресми мәліметінде.

Бірақ бұл барлық салымшы енді өзі депозит салған банкке жүгіну құқығынан айрылады деген сөз емес. Оның үстіне өтінімді электрондық тәсілмен бере алмайтындардың құқығы да ескеріліп отыр. Олар бұрынғыша дәстүрлі банктік қызмет көрсету тәсілін пайдалана алады. Сондай-ақ, ресми ресімделген мұрагерлер, сенімхаты бар өкілдер және басқа да құқық иеленушілер кепілдік берілген өтемді алу үшін салымшының банкіне баруы керек.  

Ал қорға өтінішті электронды және жазбаша түрде (агент банк арқылы) төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде қабылдайды. Тек қазір таратылып жатқан банктердің салымшылары 2022 жылдың 1 мамырына дейін өтініш бере алады.

Екіншіден, салымшылардың төлем басталғаннан бері 1 жыл бойы талап етпеген кепілдік берілген өтем сомаларын қор олардың зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады. Яғни, жоғарыда аты аталған банктерде депозиті бар азаматтар ақшасы зейнетақы шотына аударылғанын қаламаса бір жыл ішінде Қорға немесе өз банкіне өтініш жазуы керек. 

Үшіншіден, шетелдік банктердің Қазақстан аумағында ашылатын филиалдары уәкiлеттi органның жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдауға, банк шоттарын ашу мен жүргiзуге берген лицензиясын алған сәттен бастап депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары атанады. Демек, бұдан былай Қазақстан азаматтарының шетелдік банктердің филиалдарында ашқан  депозиттеріне де Қор кепілдік беретін болды.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу