5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні

Біріккен Ұлттар Ұйымы осы атаулы күнге ерекше назар аударып, еріктілер қауымын көбейтуге түрлі шаралар жасауды игі дәстүрге айналдырып келеді. 

5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні Фото: pixabay.com

1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы жыл сайын 5 желтоқсанда экономикалық және әлеуметтік даму үшін халықаралық еріктілер күнін атап өтуді ұсынды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.

Еріктілер — бос уақытын қоғамның игілігіне жұмсайтын адамдар тобы. Еріктілердің ақысыз жұмысын көруге болатын қызмет салалары шынымен де сан алуан. Оны әрбір саладан және түрлі бағытта көруге болады.

Мәселен, мұндай адамдар қоғамдық аумақтарды тазалауға, әлеуметтік компаниялардың плакаттары мен кітапшаларын таратуға, туған қалалары бойынша экскурсиялар жүргізуге, халықаралық шараларда аудармашылық қызметке септігін тигізе алады.

Сонымен қатар, еріктілер көбінесе балалар және қарттар үйіне қолғабыс етіп, апаттық жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына белсене ат салысады.

Жалпы, ерікті болу дегеніміз – бұл энергия мен жан жылуың қоршаған әлеммен бөлісу, атқарылған жұмыстың маңыздылығын түсіну, адамдарға мереке, қамқорлық, кейде өмір беру, сонымен бірге нәтижеден шынайы ләззат алу.

Мерекенің пайда болу тарихы және тойлау дәстүрі

Халықаралық еріктілер күні Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 1985 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мереке халықаралық мәртебеге ие және көптеген елдерде атап өтіледі.

Мысалы, әлемнің көптеген елдерінде 2001 жылы жарияланған Халықаралық еріктілер жылында үкіметтер мен БҰҰ еріктілікті қалай қолдайтыны туралы түрлі ұсыныстарды қабылдады. Өйткені, еріктілер – қоғамдық өмірдің барлық саласына орасан зор үлес қосып жүрген адамдар және бұл назардан тыс қалмауы тиіс.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер бағдарламасы (UNV) жыл сайын мерекені тек БҰҰ еріктілерінің ғана емес, сонымен қатар, дүние жүзіндегі барлық еріктілердің тынымсыз еңбегін мойындау және ынталандыру үшін үйлестіреді. Дүниежүзілік еріктілер декларациясында олар өздерінің талантын, уақытын және күш-қуатын ешқандай сыйақы күтпей-ақ, жеке және ұжымдық әрекеттерге арнауға құқылы екендігі айтылған.

Жыл сайын БҰҰ-ның 8 мың еріктісі бүкіл әлем бойынша ең қиын жағдайда жұмыс істейді. Мәселен, БҰҰ-ның 13 мың еріктісі қашықтан әрекет ете отырып, UNV онлайн желісі бойынша 20 мыңнан астам тапсырманы орындайды. Айта кетсек, пандемия кезінде еріктілер жанқиярлықпен жұмыс істеп, көптеген адамдарға медициналық жәрдем көрсетуге мәжбүр болды. Соның ішінде, науқастарға, қарттарға және мүгедектерге ерекше көмек көрсетілді.

Қазақстан да назардан тыс қалмай, соңғы жылдары еріктіліктің тұрақты өсуіне куә болды. 2016 жылы Қазақстан волонтерлік қызметтің тұрақты және жүйелі дамуына жол ашатын волонтерлік заң қабылдады. Ал 2019 жылы Тоқаев 2020 жылды "Еріктілер жылы" деп жариялап, Қазақстанға волонтерлік қызмет қажет екенін атап өтті. Мерекені атап өту барысында, ол 2020 жылдың 8-ші желтоқсанында "Еріктілер жылының" ресми жабылу салтанатына қатысты:

"Еріктілік бұл – нағыз патриотизм. Мен бұл жылды "еріктілер жылы" деп жарияладым. Өзіміздің еріктілерімізді мақтан тұтамын және олардың орасан зор жұмысы үшін, әсіресе пандемия кезінде, үлкен алғыс білдіремін. Еріктілік – бұл уақытша науқан емес, бұл біздің он мыңдаған азаматтарымыздың әрекеті. Биылғы еріктілік жылы жастарымыздың шынайы асыл қасиеттерін көрсететін ерекше жыл болды. Сондай-ақ, бұл жанашырлық, жауапкершілік және қамқорлық уақыты", - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы "Еріктілер жылында". 

Жалпы, ерікті болу – қиын және кейде шаршататын, бірақ әрқашан ризашылық білдіретін, жауапты жұмыс. Сондықтан, бұл күні бүкіл әлем бойынша еріктілерді құттықтап, құрметтеп, осы игі еңбекті насихаттайтын адамдарға ерекше ілтипат білдірген жөн. Бұдан бөлек, осы күнге орай ұйымдастырылған еріктілер қозғалысы әлеуметтік және экономикалық өзгерістерді жүзеге асырудың маңызды тетігі болып табылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы еріктілердің бейбітшілік пен дамуға қосқан үлесін нақты тақырып негізінде зерттейтін еріктілер жұмысы туралы есепті үш жыл сайын шығарады.

Сондай-ақ, еріктілер орындайтын жұмыстың 70%-ы ешбір ұйыммен байланысты емес. Мұндай жұмыстар бейресми сипатқа ие және қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған.

Бұдан бөлек, волонтерлік адамдармен тұрақты байланыста болуға және стресс пен депрессиядан қорғайтын сенімді қолдау жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл күн еріктілерге қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдар және БҰҰ ұйымдары деңгейінде жиналып, өз жұмыстарын атап өтуге, тәжірибелерімен, құндылықтарымен бөлісуге және өздері туралы сөз қозғауға септігін тигізеді.

Айта кетейік, волонтерлер күні дамуға және адамзатқа пайда әкелуге ниет білдірген шығармашыл адамдарды қолдауға бағытталған бұқаралық іс-шаралармен, флешмобтармен, байқаулармен қатар жүреді. Қайырымдылық концерттері мен мерекелік кештер міндетті түрде ұйымдастырылады. Бұл күні әркім жақсылық жасауға, көршісіне көмектесуге және ерлік жасауға ұмтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу