50 мыңдай халық сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай жүр

277

20 мыңнан астам адам тіркелген нысанда науқастарға кезек күтетін жайлы жер де жоқ.

50 мыңдай халық сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай жүр Фото: Inbusiness.kz

Түркістан облысы Сайрам ауданында екі емханаға тіркелген 50 мыңға тарта тұрғын сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Өйткені аймақтағы Қарасу және Манкент емханалары ескі һәм тар ғимаратқа орналасқан. Соның салдарынан аталған медициналық мекемелерде екі үш дәрігер бір бөлмеге сығылып қызмет көрсетеді. Ал, басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт тар дәлізде табанынан тік тұрып кезек күтуге мәжбүр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қарасудағы медициналық мекемеге ауырып ем іздеп келгендер тар дәлізде қысылып дем іздеп кетеді. Себебі, 20 мыңнан астам адам тіркелген нысанда науқастарға кезек күтетін жайлы жер де жоқ. Ғимараттың тарлығынан 2-3 дәрігер бір бөлмеге жайғасса кейбір медициналық құрал-жабықтарға жай жетпей дәлізде тұр.  

Ескі ғимараттың тарлығы тек тұрғындарға ғана емес медицина мамандарына да ыңғайсыз. Өйткені, мұнда дәрігерлер бөлек тұруы тиіс қондырғылардың қасында отырып жұмыс істейді.

"Біріншіден коридорымыз тар. Халықтар осы жерде отырған кезде ұрыс болып кетеді. Сыймағандықтан. Одан кейін бір бөлмеде екі дәрігер қабылдағаннан кейін екі науқас сөзге келіп қалады. Олар бір-бірін тыңдамау керек", - дейді аға медбике Алтынай Қасымқұлова.

Іргетасы өткен ғасырда қаланған бұл ғимарат басында дәріхана ретінде салынған. Кейін 8 ауылдың орталық емханасына айналады. Бірақ бүгінде халық саны өсіп, медицина мамандарының қатары көбейген. Сондықтан қазір қосымша ғимарат жалға алынып мамандардың біраз бөлігі сонда көшкен.

"Укол салдыру үшін арендаға алынған басқа жерге барамыз. Алыс. Бірнеше автобуспен ауысып барамыз", - дейді тұрғын Ғалия Нарымбетова.

Ал, Манкенттегі жағдай да жақсы емес. 28 мыңдай халыққа қызмет көрсететін емхананың аумағы негізгі стандарттан он есе кіші. Ол мәселені аудандағы жауаптылар облыстық басқармаға жеткізген. Бірақ, жоғары жақтан жанашырлық байқалмапты.

"АПЗ деген құжаттамаларының бәрі дайындалып, денсаулық сақтау басқармасына өткізілді. Енді ПСД жасау үшін қаражат бөлінбеген. Сондықтан қазір инвесторлар тарту жұмыстары жүріп жатыр", - дейді Сайрам аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Зарипа Оспанова. 

Қалталы кәсіпкердің қашан табылары белгісіз. 50 мыңға тарта тұрғынның ескі ғимаратта ем ала тұрудан басқа амалы жоқ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу