Inbusiness.kz тілшісі Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне арнайы аялдап, фоторепортаж жасап қайтты.
Баға жетпес байлықтарды аралау барысында ғылыми қызметкер Әлібек Сералы музейдің өткені мен бүгінін толық айтып, тарихи тұлғаның өмірін көз алдымызға әкелді.
- Жалпы, аталған музей 1968 жылы 7 қарашада Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен кітапханадағы мүйіс негізінде Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметіне арналған революциялық-мемориалдық музей ретінде ашылған. 1979 жылдан бастап музей облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істесе, 1981 жылы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының 19 маусымдағы №107 бұйрығымен дербес музей болып қайта құрылды, - деді музейдің ғылыми қызметкері.
Ғани Мұратбаевтың 80 жылдығы қарсаңында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, қосымша құрылысы салынғаны да сөз болды. Сол уақытта музейдің жер көлемі 513 шаршы метрге дейін кеңейтіліпті. Музей қызметкерлері Мәскеу, Ташкент, Орынбор, Алматы қаласындағы және облыс орталығындағы мұрағат, кітапханалармен байланыс жасап, Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметі жайлы жаңа деректер, аудан тарихына байланысты материалдар жинақтауды жалғастырып келеді.
"Әр залдың, әр заттың өз айтары, берері бар"
Кіреберіс залда Ғанидың гипстен жасалған бейнесі қойылған (авторы – Есім Егдебаев). Осы ретте айта кетуіміз керек, жалпы Қазақстанда тұңғыш рет Ғани Мұратбаевтың ескерткіш-бюсті 1958 жылы туған жері – Қазалы қаласында қойылған.
Бүтін бір дәуірді көз алдымызға елестеткен музейде құндылық атауы өте жоғары екенін байқадық. Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің меңгерушісі Роза Асанова "Әр залдың және әр заттың өз айтары, берері бар" дейді.
- Музейдің І-ІІ залы Ғани туған өлкенің тарихына арналады. Яғни, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Жанкент шаһары жайлы және ағаш табақ, ожаулар, темір құлыппен екі кілтті кісен қойылған. Қазалы уезіне байланысты материалдар және халық Батырлары, олар қолданған қару-жарақтар мен Қазалы қаласының өлкедегі теміржол құрылысының тарихына шолу жасалған. Сонымен қоса, ХІХ ғасырда пайдаланылған ауыл билерінің мөрлері мен ауыл старшинасының лауазым белгісі, қоңырау, алғашқы отарба (паравоз) макеті орын алған, - дейді ол.
III-VIІ зал экспозициясы Ғани Мұратбаевтың балалық шағы мен Жастар Одағының құрылуы, жастардың алғашқы съезінің құжаттарымен басталып, Ғани Верныйда оқытушылар даярлайтын курста лектор, РКСМ Орталық Комитетінің Орта Азиялық бюросының мүшесі, Түркістан Республикасы Жастар Одағы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы болып қызмет істеген құжаттары, киген киімі, өз қолымен толтырған анкеталары мен Хорезм АССР марапаттаған ордені қойылған. А.Затаеевичтің "Қазақтың 1000 әні" кітабына енген Ғанидың айтуымен жазылған "Дудар-ай", "Қатын жырау" әндерінің нотасы, "Жас Алаш" газетінің тұңғыш нөмірі, Ғани марапатталған орден орналастырылып, диограма арқылы Ғанидың Ілияс Жансүгіров, Сара Есовалармен бірге газеттің кезекті санын талқылау сәті көрсетілген.
Ғанидың партиялық билеті, Қазалыда алғаш ұйымдастырылып, Ғанидың көзі тірісінде оның атымен аталатын пионер ұйымы мүшелерінің фотосуреті және 1984 жылы Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахманов сыйлаған "Әкелер жастығы" деп аталатын ағаштан ойып жасалған кәдесый (сувинер), Түркістан Республикасы Жастар Одағы Орталық Комитетінің Туы, Ғани Мұратбаевтың КИМ-дағы қызметі, Ғани өмірінің соңғы кезеңі осы залдан орын алған. Сонымен қатар, Ғанидың жұмыс кабинеті жабдықталып, Ғаниды ақтық сапарға шығарып салу және Ғанидың замандастарына арналған. Қазақстан қалаларында тұрғызылған ескерткіштерінің фотосуреттері, Ғани Мұратбаев туралы жазылған кітаптар, Мәскеудегі Ваганьков зиратындағы Ғани қабірі басынан әкелінген топырақ та осы залдан орын тапқан.
VІIІ зал экспозициясы Ғанидың ізбасарларына арналған. Қазалы жастар ұйымының тарихы, Ғанидың туысы, ізбасары Қазалы ауданының құрметті азаматы Ботабай Рыстұғұловқа арналған бұрыш та бар.
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінен шыққанша әр жәдігердің бір-бір мақала жүгін арқалайтынын анық ұғындық. Музей қызметкерлері мұнда арнайы ат басын бұратын қонақтардың қатары көп екенін айтады. Әсіресе, өзге облыстан келген меймандар бірінші бас сұғады. Өйткені, музейде Қазалының, Ғанидың тұтас тарихы бар.