600 мыңнан астам адам жеңілдікпен тұрғын үй алу кезегінде тұр

711

Кезекте тұрғандардың басым көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары мен мемлекеттік қызметшілер екен.

600 мыңнан астам адам жеңілдікпен тұрғын үй алу кезегінде тұр

Елімізде жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде тұрған 614,7 мың адам бар, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Олардың ішінде I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеуші отбасылар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер, жетім балалар, көп балалы отбасылар, мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасы мүшелері және т.б. Баспанаға мұқтаж жандар арасында халықтың әлеуметтік осал топтары (40%) мен мемлекеттік қызметшілер (35,3%) басым.

Елдегі азаматтардың басым көпшілігі мемлекеттік тұрғын үй алу үшін бірнеше жыл күтеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес, кезекте тұрғандар саны жылдан жылға қарқынды өсіп жатыр. Олардың саны 2016 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 68,1%-ға артып, 365,6 мыңнан 614,7 мың адамға дейін ұлғайған. Ең үлкен өсім 2017 жылы байқалған. Сол жылы кезекте тұрған адамдардың саны 62,8 мың адамға артқан. Қарастырылып отырған кезеңде кезекте тұрғандардың жыл сайынғы өсімінің орташа мәні 11%-ды құрайтынын көруге болады. Тұрғын үймен тек 61 мың адам қамтамасыз етілген.

Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз етудің төмен пайыздық көрсеткішінің басты себебі – мемлекеттік тұрғын үй құрылысы көлемінің жеткіліксіздігі. 2016-2022 жылдар аралығында 10,7 млн шаршы метр жеңілдікті тұрғын үй пайдалануға берілген. Бір пәтердің орташа ауданы 60 шаршы метрді құрайды дейтін болсақ, аталған кезеңде шамамен алғанда 177,6 мың пәтер немесе жылына орта есеппен 25 мыңнан 30 мыңға дейін пәтер салынған. Байқап отырғанымыздай, бұл кезекте тұрғандар санының жыл сайынғы өсімін де қамтамасыз ете алмайды.

Кезекте тұрғандар санының тез өсуі мен жеңілдікті тұрғын үй құрылысы көлемінің жеткіліксіздігінен бөлек, бұл жағдайды мемлекеттік тұрғын үймен байланысты алыпсатарлықтың болуы да күрделендіреді. Мемлекеттік тұрғын үй бағасы нарықтық бағадан біршама төмен болғандықтан, пәтерлерді кезектен тыс заңсыз алу және оларды әрі қарай үстеме бағамен қайта сату жағдайлары да кездесіп жатады.

Үй кезегіне заңсыз қоюдан бөлек республика бойынша мемлекеттік тұрғын үйді үшінші тұлғаларға жалға беру, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтерлерді заңсыз бөлу, сонымен қатар нарықта жеңілдетілген тұрғын үйді жоғары бағамен қайта сату жағдайлары да бар. Бұл жеңілдікті тұрғын үйлерді оған мұқтаж емес адамдардың алуына әкеледі. 

Бұл мәселелерді шешу үшін мамандар Сингапурдың тәжірибесін мысалға алады. Аталған елде үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі салыстырмалы түрде алғанда қысқа мерзімде шешілген. Сингапурдағы мемлекеттік тұрғын үй тұрғын үй құрылысы және даму жөніндегі кеңестің (HDB) басқаруына 99 жылдық жалдау шартымен берілген. Жылжымайтын мүлікті сату мүмкіндігімен ұзақ мерзімді жалдауға тек Сингапур азаматтарына беру тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Сингапур халқының 80%-дан астамы HDB салған пәтерлерде тұрады.  2021 жылы мұндай пәтерлердің саны шамамен 1,1 млн-ға жеткен.

Сингапурдың тәжірибесі еліміз үшін тұрғын үй қатынастарын қатаң реттеуде үлгі бола алады. Сонымен қатар нарықты жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй мен жеке инвесторлардан тұрғын үй деп екіге бөлуге септігін тигізеді. Бұл модель мемлекеттік тұрғын үйді бекітілген бағалар бойынша жабық нарық ішінде ғана сатуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу