Непал үкіметін алғаш рет әйел басқарады

167

Бұрынғы Жоғарғы сот төрайымы Сушила Карки әлеуметтік желілерге тыйым салудан кейінгі жаппай наразылықтардан соң, Непал премьер-министрінің міндетін атқарушы ретінде ант берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

Непал үкіметін алғаш рет әйел басқарады Фото: Sujan Gurung/AP Photo/picture alliance

Бұрынғы Жоғарғы сот басшысы Сушила Карки Непал премьер-министрінің уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. 73 жастағы Каркиді бұл қызметке ел президенті Рам Чандра Паудел бекітіп, 12 қыркүйекте ол ресми түрде ант қабылдады. 

Карки Непал тарихында үкіметті басқарған алғашқы әйел атанды. Оның кандидатурасын наразылық жетекшілері ұсынған.

Dpa агенттігінің хабарлауынша, Сушила Карки елде жемқорлыққа қарсы күресімен кеңінен танымал.

9 қыркүйекте Непал үкіметі әлеуметтік желілерге енгізілген тыйымды жойды. Бұл шектеу жаппай наразылықтар туғызып, адам шығынына алып келген болатын. Тыйымнан кейін премьер-министр Шарма Оли, ішкі істер министрі және тағы екі министр отставкаға кетті.

Шектеу 20-дан астам әлеуметтік желіні, соның ішінде Facebook, Instagram және YouTube-ті қамтыды. Оларға "мемлекеттік қадағалауға бағыну және тіркелу талабын орындамады" деген уәж айтылған.

Непалдағы жаппай наразылықтар

Әлеуметтік желілер қайта ашылғанымен, наразылық тоқтаған жоқ. Негізінен жастардан құралған шерушілер елдегі жемқорлыққа және биліктің жалпы саясатына қарсы шықты. Ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, мыңдаған адам жетекші партиялардың кеңселерін және кейбір саясаткерлердің үйлерін қиратқан, өртеген. Жаппай наразылықтар "Z буынының ереуілдері" деп аталды.

Қақтығыстар салдарынан кемінде 51 адам қаза тауып, 1300-ден астамы жараланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу