Ресей полигонында қазақстандық әскери қыметшілердің қатысуымен "Орталық-2019" халықаралық оқу-жаттығулары өтуде. Аталмыш шараға сондай-ақ, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің әскери қызметшілері қатысуда, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Тәжірибелік қимылдарды жүргізу үшін полигонға 20 мың бірліктен астам әскери техника мен қару-жарақтар, 600 шамасында ұшу аппараты тартылды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі халықаралық уағдаластыққа сәйкес оқу-жаттығу өз мәресіне жеткен соң Қазақстанның аумағы арқылы теміржол көлігімен және әуе маршруттары бойынша ұдайы орналасу орындарына Қытайдың әскери контингенті ілесіп жүреді. Теміржол транзитінің бағдары Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары арқылы өтеді.
Қазақстан аумағы бойынша әскери техника Қазақстан армиясы әскери қарауылының ілесіп жүруімен ашық теміржол платформасында тасымалданады. Осы шарттар әскери контингенттің транзитін ұйымдастыру жөніндегі келіссөздер хаттамасында көзделген.