9 млрд теңге борыш сомасына 6 мың азамат банкрот деп танылды

Соттан тыс банкроттыққа 70 мыңнан астам өтініш келіп түскен, оның 80%-дан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды.  

9 млрд теңге борыш сомасына 6 мың азамат банкрот деп танылды

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазір тиісті заң нормалары күшіне еніп, жұмыс істеуде.  Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны 

- соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы (eGov.kz.), сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады.

Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша "Qoldau" деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.  

Бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін

24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады.

"2023 жылдың 3-ші наурызынан бастап 70 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 80% астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі себептері: жеке басында мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борышты дұрыс реттемеу болып табылады. Нәтижесінде, бүгінгі таңда 9 млрд теңгеден астам борыш сомасына 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды", – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі.

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгінген. Дегенмен, жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр (кредитормен қарызды алдын-ала реттеу міндеттілігі, шетелге шығуға тыйым және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі кезінде ұзақ уақытқа төлем мерзімінің өтуіне байланысты).

Осыған байланысты келесідей нормалар ұсынылатын болады:

  1. соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту (сондай-ақ уәкілетті органның лицензияларынан айырылған, оның ішінде таратылған қаржы ұйымдарының міндеттемелерін қосу);
  2. азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату (қажетті мәліметтерді тиісті ұйымдардың базаларынан алу жоспарланып отыр);
  3. төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау (қолданыстағы нормаларға сәйкес тыйым жоспарды орындаудың барлық кезеңіне - 5 жылға белгіленген).

"Әрине, банкроттыққа ұшырау барлық мәселені шешпейді, көбісі банкроттықтың салдарын жақсы түсінеді. Ол кредит алуға тыйым салу (5 жыл), қаржылық жағдайды мониторингтеу (3 жылға созылады) және тағы басқа", – деді Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу