Абай облысында оқушылар апаттық жағдайдағы мектепте оқуға мәжбүр

508

Облыста үш білім ошағы апаттық жағдайда деп танылған.

Абай облысында оқушылар апаттық жағдайдағы мектепте оқуға мәжбүр Фото: inbusiness.kz

Жаңа оқы жылында олардың кейбірінде қаіпті болса да сабақ жалғаспақ. Мәселен, Ақсуат ауданындағы Екпін ауылындағы мектеп 1991 жылы қолданысқа берілген.

Екі жыл бұрын білім ошағы орналасқан ғимаратты мамандар "апатты жағдайда" деп таныған. Бірақ, төбесінен жаңбыр жауса су сорғалайтын, қабырғалары көгеріп, үгіле бастаған ғимаратта қауіпті болса да балалар әлі оқып келеді. 

-          Көктем кезінде, қар ерігенде кабинеттердің бәріне су ағады. Үшінші қабатты былтырдан бері жауып тастады ғой. Сондай жағдай болғаннан кейін. Балаларымызды оқытуға тура келеді. Өйткені осында тұрамыз. Басқа мектеп жоқ қой ауылда. Балаларымыз талапқа сай мектепте оқығандығын қалаймыз- дейді Екпін ауылының тұрғыны,  Жанар Жаңамергенова.

Қазір мектеп ғимаратының үшінші қабаты мүлдем жабық тұр. Ал спорт залының қабырғасы үгіліп құлаудың аз-ақ алдында тұр. Сондықтан оған бес жылдан бері ешкім кірмейді. 

-          Балаларымыздың білім нәтижелері өте жақсы. Үлкен сайыстардан жеңімпаз атанғандары көп. Оның барлығы мектеп ұжымының еңбегі. Бірақ мектептің  жағдайы осындай. Енді былтырғы оқу жылында оқып шықтық. Жаңағы бір блокты жаптық. Апаттық блокты. Кабинеттерден су ақпайтын жерлерге балаларды екі ауысымда оқыттық. Осы біздің мектептің апаттық жағдайы жылдан жылға ұлғайып барады-дейді мектеп директорының міндетін атқарушы, Берікқазы Құрманғожин.

Абай облыстық білім басқармасындағылар мәселені жақсы біледі. Мектеп күрделі жөндеуден өткізуге жарамайтындықтан, жаңасын салып береміз, деп уәде етіп отыр.

-          Екпін ауылына 2024-25 оқу жылында, бізде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 300 орынға арналған мектеп салынады. Ол үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр-дейді  Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары,  Әсем Нүскенова.

Семей қаласында да 450 орындық №11 мектептің бір бөлігі апатты жағдайда. Ғимарат 1964 жылы салынған. Жарамсыз ғимарат бұзылуы тиіс. Биыл ондағы балаларды білім басқармасындағылар өзге білім ошақтарына бөліп оқытамыз деп отыр. Ескі мектептің орнынан 1200  орындық жаңа ғимарат салу үшін жер бөлу мәселесі шешіліп жатыр.

Ал, Шығыс Қазақстан облысындағы Ақжар ауылында мектепте жоспарланған күрделі жөндеу іске аспай қалған. Қыдырбек Біләлов атындағы мектеп лицейі, облыста білім көрсеткіші бойынша үздіктер қатарында. Алайда қабырғасы сыз тартқан, есік терезесі ескірген, парта, орындық пен тақтасы Кеңес заманынан бері ауыспаған ескі мектепке жаңа оқу жылында балалар қайта келеді. Биыл күрделі жөндеуге 119 миллион бөлінген. Бірақ, келісім шарт жасаған мердігер қаржының аздығын желеу етіп жөндеуден бас тартыпты.

-          Мердігер компанияға келісім шарт негізінде аванстық қаражаты аударылған. Алайда олар бөлінген қаржы жөндеуге жетпейтіндігін, оның көлемін арттыру туралы мектепке ұсыныс жасаған. Нәтижесінде күрделі жөндеу әлі басталған жоқ. Сот процесі жүргізіліп жатыр- дейді Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы, Самал Дәуітбаева.

Жалпы еліміз бойынша биылғы оқу жылы қарсаңында 260 мектеп күрделі жөндеуден өтуі тиіс болған. Алайда 80 білім ошағындағы жөндеу сабақ басталғанша аяқталмауы мүмкін. Көп жағдайда мердігер компаниялар келісім-шарт мерзімін бұзған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу