Адай жылқысының тегін растайтын құжат қажет

465

Ғалымдар "Адай жылқысын" мінсіз тұлпарға теңеген.

Адай жылқысының тегін растайтын құжат қажет Фото: azattyq-ruhy.kz

Маңғыстау облысында атбегілер "Адай жылқысының" атын патенттеу қажеттігін айтады. Себебі, тұлпардың төлқұжаты еліміз үшін тарихи жетістік болмақ. Сондай-ақ, ат спортының дамуына ерекше серпіліс береді. Кешегі "Ұлы дала жорығында" да Адай жылқылары төзімділіктің рекордын орнатты. 50 жылдан бері қаны мен жалыны зерттеліп келген жылқының тектілігін дәлелдеу үшін былтыр 50 млн теңге бөлінді. Талай халықаралық бәйгеден орын алған Адай жылқылары өз орынын қашан алады?

Адай жылқылары сонау Францияда өткен әлемдік ат ойындарында бақ сынағалы даңғы шыға бастады. Тарихта да, ел ауызында да араб, ағылшын, түркімен тұлпарларынан кем түспейді. Алайда, текті жануардың әлі күнге дейін "адай тұқымы" деп патенттелген құжаты жоқ.

"Болашақта Гиннестен адамдар келсе, кітапқа енсе. Халықаралық төрешілер өздері қашан, қанша жол жүріп өткенін белгілеп алды. Бұл енді әлемде болмаған қуантарлық жағдай. Өзін ұзақ қашықтыққа мықты екенін дәлелдеп, кез келген шөпті жеп кете береді. Көп күтімді қажет етпейді", - дейді атбегі Әлеке Бөлек.

Теңіздің тұзды суымен шөл қандырып, шөлейтте де шабысынан жаңылмайтын жылқының тұқымы кең таралып келеді. Ал ауыл ақсақалдарының айтуынша Адай жылқылары халықаралық бәйгелерден бос қайтпаған. Содан да болар сәйгүліктерге қызығушылық жоғары. Шетелдіктер болса, құжатқа баса мән береді.

"Бізге енді осы паспортты берсе біз соған қуаныштымыз. Ата-бабамыздан қалған бір жылқының төлқұжаты қолымызға тисе. Әлемдік жарыстарға барғанда, қай жердегі жарыстарға барғанда да осындай ата-бабамыздан қалған жылқы екенін көрсетеміз. Бұл жерде "Адай жылқысы" деген атағы болмаса қарапайым қазақтың тұлпары ғой", - дейді атбегі Аманғали Бағдабаев.

Ғалымдар "Адай жылқысын" мінсіз тұлпарға теңеген. Ал оның генетикалық ерекшелігін зерттеу жұмыстары осыдан 50 жыл бұрын басталған. Алайда, әр кезде әртүрлі кедергілердің кесірінен тұралап қалған. Зерттеу жұмыстары 2020 жылы қайта жанданды. Ал былтыр Президенттің өзі арнайы сапары барысында сирек тұқымға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.  Ол үшін ғалымдарға 50 млн теңге бөлінді. Енді ғылыми тұрғыда дәлелдей алсақ, әлем алдына тағы бір брэнд пайда болады.

"Ал енді оның генетикалық паспорты болу керек. Сол паспортты алуға біз кірістік. Біздің мақсатымыз осы Маңғыстаудан минимум 1000 жылқының биоматериалын, яғни жалынан қыл жұлып аламыз. Лабораторияға апарамыз. Лаборатория оның ДНК-сын ашып, соларды базаға қояды", - дейді "Қазақ ғылыми-зерттеу институтының" Жылқы бөлімінің меңгерушісі Дәурен Сыдықов.

Сынама қорытындысы жыл соңына қарай жариялануы тиіс. Үміт ақталса, асыл тұқымды ат баптайтын атбегілер үшін мемлекеттік қолдаудың аясы кеңейеді. Сондай-ақ, ұлттық спорт халықаралық талаптарға сай дамиды. Шабандоздар үшін жаңа әрі заманауи атшабар алаңдары да пайда болу мүмкін. Қарашада Халықаралық төрешілер келіп тағы да аттың сыны болады.  Егер сәйгүліктер сынақтар сүрінбей өтсе, сүйінші хабардың ауылы жақындай түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу