Елімізде адвокаттар жылына белгілі бір сағаттар көлемінде халыққа тегін қызмет көрсетуіне міндеттелмек. Мұны Әділет министрі Марат Бекетаев ұсынды. Оның айтуынша, "Әлемдік тәжірибе бойынша Қазақстанда адвокатура институтын дамыту үшін "Probono" жүйесін енгізу қажет. Ал оны енгізу үшін адвокаттар азаматтарға заңгерлік көмек ретінде тиісті сағаттар көлемінде бюджеттік өтеусіз қызмет көрсетуге міндетті болады. Сонымен қатар қорғаушы тоқсан сайын алқаға аталған көмекті көрсету бойынша есебін таныстыруы керек. Бұған дейін министр Қазақстанда қорғаушылар жетіспейтіндігін және олардың қызметінің құны азаматтар үшін тым қымбат екенін айтқан болатын.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
"Адвокаттардың тапшылығы мәселесін Жоғарғы сот та көтеріп жатыр. Елімізде 1 орта есеппен бір судьяға 1 адвокаттан ғана келеді. Ал Еуропада 3-5 адвокаттан. Ал 1 адвокатқа елімізде 3900 адамнан келеді. Мысалға, бұл көрсеткіш Италияда 260 адам, Германия 500, Англияда 900 адамнан. 2013-2016 жылда, яғни үш жылда олардың саны 300-ге ғана көбейген. Олардың кәсіби сапасына мен қызметінің қымбаттығына көп шағым түсуде. Енді олардың міндеттелген ақысыз қызмет көрсеткен сағаттары белгілі мөлшерге жетпегендердің адвокаттық лицензиялары тоқтатылады.
Сондай-ақ, адвокаттар коллегиясында тағылымдамадан өту үшін төленетін жарна көлемін 5, ал алқа мүшелігіне өту үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін азайту көзделген. Және бір мәселе нотариустар жайы. 2012-2014 жылдары аралығында олардың саны екі есеге көбейген. Саны артқан мен сапасы артпай жатқан заңды қызмет көрсету саласының бір қатар міндеттерін мемлекет қарамағына беруді депутаттар алға тартты.
Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
"Мысалы қазіргі кезде, халықтың құжаттары жекеше нотариустарда қолданылуда. Ол нотариустың меншігі емес, ол халықтың меншігі! Сондықтан осы мұрағаттарды мемлекеттік мұрағатқа өткізу мәселесі қолға алынуда"