АЭС салуға 15 млрд доллар қажет

360

Бүгінде әлемде АЭС ең көп салынған ел  АҚШ саналады.

АЭС салуға 15 млрд доллар қажет Фото: Inbusiness.kz

Қазақстанда атом электр стансасын салу үшін 15 млрд долларға жуық қаржы қажет. Ал керекті құжаттарды әзірлеуге 5 жылдай уақыт кетеді. Бұл туралы "Қазақстандық атом электр станциялары" компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ал, экологтар алдағы уақытта жобаға тағайындалған жауаптылар ісіне немкетті қараса, оның зардабы мен залалын бүкіл ел тартады, дейді.

Қазақстанда атом электр стансасын салу туралы сөз қозғалғалы ел пікірі екіге бөлінді. Семей полигонындағы жарылыс, 20-шы ғасырдың қасіретіне айналған Чернобыльдағы апаттың куәгерлері бейбіт атомның болғанынан болмағаны жақсы деп үн қатқан-тын. Ал, екінші тарап бұл бастаманы қос қолдап қолдайды. Өйткені, 2030-жылға қарай Қазақстанда энергия тапшылығы туындауы мүмкін. Әзірге елімізде АЭС салуы мүмкін мемлекеттер Ресей, Франция, Қытай және Оңтүстік Корея. Келер жылы өтетін референдум нәтижесі оң болса, аталған елдердің бірі таңдалып, алдағы 10 жылдың көлемінде атом стансасының бірінші блогы іске қосылады.

"Қазіргі таңда 60-70 жылға дейін осы атом электр стансалары жұмыс істеп келе жатыр ғой әлемде. Қазіргі таңда біз қарастырып жатқан реакторлық технологиялар ол 3,3+ буынды технологиялар қатарына жатады. Яғни су реакторлары деп аталады. Қысыммен жұмыс істейді ол реакторлар. Осы күнге дейін ол жақта бірде бір апаттық жағдай орын алмаған. Қазақстандағы ең алғашқы реакторлар құрылысы бойынша біз тек сол реакторларды ғана қарастырып жатырмыз. Иә, ең соңғы үлгідегі", - дейді Қазақстандық атом электр станциялары ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков.

Астанада өткен республикалық семинарда азаматтық қоғам өкілдері бейбіт атомның бой көтеруін бір кісідей қолдады. Жобаны жақтағандар уран өндіруден әлемде бірінші орында тұрған Қазақстан үшін бұл керек-ақ, дейді. Тіпті "Байтақ" партиясының төрағасы осы арқылы су тапшылығын шешуге болатынын айтады. Ал, АЭС жайлы айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелерді теріске шығарды.

"Мысалы, ядролық бомбада 96 пайыз болатын болса, бұл 4-ақ пайыз. Бұл үлкен жарылысты тартпайды. Тек қана энергияны өндіріп шығаруға ғана керек нәрсе. Ең негізі қауіпсіз энергия болып саналады атом электр стансасы. Бізге біреу емес, 5-еуі керек. Өйткені оңтүстікте энергия тапшы. Солтсүтікте қыстыгүні біз Ресейден сатып аламыз. 6-7 есе қымбат бағаға. Одан кейін Қырғызстанмен су мәселесі бар. Егер бізде энергия болса біз оларға энергия береміз. Олардан су аламыз", - дейді "Байтақ" жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Дегенмен, АЭС қанша елде салынғанымен шешілмеген бір мәселе бар. Бұл радиациялық қалдықтар. Сондай-ақ оны қайда төгеміз, кім басқарады, қандай заңдар қажет екенін нақтылап, шегелеп алуымыз керек, дейді экологтар. ЛРТ секілді бастағанын бітіре алмай, оқ-дәрі қоймаларын жарып алып жатқан билік басындағыларға жұрттың бұлайша күмәнмен қарауы да орынды. Ал, тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Мәлікова АЭС-тың орнын Балқаш маңы деп белгілемес бұрын, ондағы ахуалды ескеру керек деп отыр. Жылдан жылға тартылып жатқан тіршілік нәрі 2035 жылға қарай тіптен азаюуы мүмкін.

"Суға егер радиация өтіп кетсе ол жердегі био алуандылықтан зардап шегуі мүмкін, радиациялық қалдықтарды тазалаған кезде, ол жерде үлкен қауіп бар. Радиациямен ластану қаупі бар. Менің ойымша біз алдағы уақытта 15-20 жылға газды негізгі энергия көзі ретінде пайдалануымыз керек", - дейді "Тәжірибеші экологтар қауымдастығының" төрайымы Лаура Мәлікова.

Бүгінде әлемде АЭС ең көп салынған ел  АҚШ саналады. Мұнда 98 блок бой көтерген. Екінші орында 58 атомы бар Франция тұр. Ал 38 АЭС салған Жапония тағы 5 атом электр стансасын тұрғызуды жоспарлап жатыр. Сондай-ақ көрші Өзбекстан елі де қазір осы жобаны қолға алмақ. Бірақ мамандар мұнда су тапшылығына байланысты АЭС салуда үлкен кедергілер туындауы мүмкін, деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу