Аграрлық университет түлектері еңбек жолын ауылдан бастайды

1644

Бұл талап заңмен бекітілмек.

Аграрлық университет түлектері еңбек жолын ауылдан бастайды

Бүгін мәжіліс агроөнеркәсіп кешенін реттеу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Заңға енгізілетін өзгерістердің бірі аграрлық ғылымды дамытуға байланысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, ғылым мен білімді бизнестің қажеттілігіне сәйкестендіре отырып, салаға реформа жасалмақ.

"Кәсіпкерлерді инновацияны енгізуге тарту үшін заң жобасымен бизнестің ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша шығындарының бір бөлігін субсидиялау көзделеді. Негізі бизнес бірлесіп қаржыландырушы болған кезде жұмыс жақсы жүреді. Бірақ қазір бизнес зерттеулерді дербес қаржыландыруға қауқарсыз. Сондықтан субсидиялау бизнес пен ғылымның өзара іс-қимыл жасау механизмін әзірлеуге, агроөнеркәсіптік кешенге инновацияны енгізу ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді", – дейді Сапархан Омаров.

Сонымен қатар, заң жобасының шеңберінде білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беру гранттарының көлемін қалыптастыру жөніндегі функцияларын ауыл шаруашылығы министрлігіне беру көзделіп отыр. Сондай-ақ аграрлық жоғары оқу орындарының түлектері үшін ауылдық жерлерде міндетті түрде жұмыспен өтеу (кемінде 3 жыл) талабы енгізіледі.

"Заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу аграрлық сектордың қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік тапсырысты дәл қалыптастыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ мамандықтар бойынша гранттарды дұрыс топтастыруға мүмкіндік береді", – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Түлектердің ауылды жерлерде міндетті түрде жұмыс істеуі, өз кезегінде ауыл шаруашылығының барлық өндірістік құрылымдарын кадрлармен қамтамасыз ету проблемасын шешуге, бітірушілерді жұмысқа орналастыруға және одан әрі жас мамандардың ауылда орнығып қалуына жол ашады деген сенім бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу