Агробанк құру мәселесінің көтерілгеніне 10 жылдан асты - депутат

586

Мәжілісмен Жигули Дайрабаевтың сөзінше, елдегі аграрлық салаға мамандырылған банк қажет.  

Агробанк құру мәселесінің көтерілгеніне 10 жылдан асты - депутат Фото: Ақ Жайық

Ол оған бірқатар негіз бар деп есептейді.

"Біріншіден, "Аграрлық несие", "ҚазАгроҚаржы" сияқты квазимемлекеттік қаржы институттары бар болса да, олар арқылы берілетін несиенің көлемі өте аз. Фермерлердің бүгінгі қажеттілігі кем дегенде 2 трлн. теңге, елімізді аграрлық державаға айналдырамыз десек бұл қажеттілік 5 трлн. болады. Ал қаржы инситуттары арқылы берілетін қаражат оның оннан бір бөлігіне де жетпейді. Толыққанды банк ретінде жұмыс істей алмаған соң қаржы институттары қосымша кіріс көзін аша алмайды. Демек олар айналымдағы капиталын ешқашан да ұлғайта алмайды деген сөз", - деді ол Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалда.

Оның сөзінше, бұдан бөлек жеке банктердің аграрлық саланы қаржыландыруға ынтасы да өте төмен.

"Статистикаға сүйенсек, екінші деңгейлі банктер арқылы берілген 22 трлн теңге несиенің 58%-ы жеке тұлғаларға, тұтынушылық мақсатқа кеткен. Жетекші банктердің жылдық есептерін қарасақ, олардың кәсіпкерлікке берген несиелерінің 97%-ы құрылыс, сауда, әйтеуір ауыл шаруашылығына қатысы жоқ салаларды қамтиды. Банкілер ауыл шаруашылығын менсінбейдіү Бірақ аудандарда филиалдарын ашып, фермерлердің есеп-шотын жүргізіп комиссиялық пайда табудан, депозит жинаудан қашар емес", - деді депутат.

Сонымен қатар екінші деңгейлі банктерді агросаланы несиелендіруге заңнама арқылы міндеттейтін заң нормалары да жоқ, деді депутат.

"Бүгінде "Аграрлы несие корпорациясы", "ҚазАгроҚаржы", тіпті "Бәйтерек" сияқты квазимемлекеттік мекемелердің қолы байлаулы. Себебі олар екінші деңгейлі банк емес. Олардың әкімшілік шығындары бар, жұмыскерлерінің алатын жалақысы бар, провизия жинауы керек. Ал табатын кіріс көзі біреу ғана. Осы шығындарды берген несиенің үстемақысына қоспағанда не істейді?", - деді Жигули Дайрабаев.

Ол "Ауыл" партиясы фракциясының "Аграрлы несие корпорациясы", "ҚазАгроҚаржы" және тағы басқа қаржы институттарының басын біріктіріп, мемлекеттің қатысуымен агробанк ашуды ұсынатынын жеткізді.

"Қазақстанның даму банкі туралы арнайы заң бар. Қажет болған жағдайда "Ауыл" партиясының фракциясы "Қазақстанның Аграрлық банкі туралы" заң жобасына мұрындық болуға дайын", - деп түйіндеді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу