Биылғы 7 айдың өзінде 500-ге жуық адам мүше ауыстыруға кезекке тұрған. Мамандар бұл сан өткен жылдармен салыстырғанда өте көп деп дабыл қағып отыр. Ал бұған елімізде мәйіттік донордың кенже қалып отырғандығы себеп.
Өмірдің жаңылыстар мен жалыныштардан тұратынын ерте ұққан бала бұл. Қызылордалық 22 жасар Оразбек үш жыл бұрын бүйрек ауруына шалдығып, ем таппай ақыры диализге байланды. Ән айтады, өзінің авторлық шығармалары да бар. Өмірге талпынысы мықты. Ақшам болса, шетелге барып ауыстырып-ақ келер едім дейді бүйректі. Қолбайлау қаражат. Ол да күту парағында тұр.
"Оған қатты үміттенбеймін. Туысқан ағам ойланып жүр ғой берейін бе деп. Былай сөйлескенбіз, үйленбеген. Бір жағынан оны да ойлаймын. Сұрағым келмейді", - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Оразбек Әбдімәжит.
10 тамыздағы дерек бойынша, елімізде Оразбек сияқты диализге тәуелді 3532 ересек, 92 бала бар екен. Олардың барлығы күту парағына тіркелген. Ал бауыр ауыстыруды қажет ететін 179 адам бар. Оның 10-ы бала. Өкпе 16 адамға қажет болса, жүректің айықпас дертіне шалдыққандар саны 147, оның 7-еуі бала екен. Сонда Қазақстанда 3971 адам күту парағында тұр. Жыл сайын 150-ге жуық адам мүше ауыстыруды күтпей, өмірден озып кетеді. Ал олардың орнына тағы науқастар қосылады.
Жыл сайын донорға үмітті адамдар саны 350-ге жуықтайтын. Биыл бұл сан рекордтық көрсеткішке жетіп, 500 адам болыпты. Мамандар елімізде мәйіттік донорлық кенже қалып отыр деп дабыл қағуда. Яғни, адамның миы өлді деп тіркелген соң оның органдарын өзге науқас адамдарға беру деген сөз. Қайтыс болғаннан кейін бір адам 7 адамның өмірін құтқарып қала алады екен.
"Қазіргі күнде Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек трансплантациясы жасалынады. Ең көп жасалынатыны - бүйрек трансплантациясы. Бүйрек трансплантациясы және бауыр трансплантациясы тірі донордан және мәйіттік донордан жасалынады. Сондықтан олардың саны көбіректеу. Ал мәйіттік донордан тек қана жүрек, өкпе трансплантациясы жасалынады. Сондықтан олардың саны аздау. Трансплантацияның дамымау себебі – осы адамдардың келісім бермеуі", - дейді "Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық" директоры Сәуле Шайсұлтанова.
2016, 2017 және 2018 жылдары мәйіттен мүше алып салу операциялары көптеп жүргізілген. Өйткені ол кезде "келісім презумциясы" рұқсат етілген заң болатын. Кейін қоғамдық дүмпу тудырған бап алынып тасталды. Енді адам көзі тірісінде егов порталы арқылы қайтыс болған соң мүшелерін біреудің өмірін сақтап қалу үшін алуға рұқсат ету, етпеуі туралы өзі тіркей алады. Мұндай қызмет 2020 жылы пайда болса да, әзірге келісім бергендер саны 4000 адам ғана. Ал бас тартқандар 33 мыңнан асып жығылады. Бір қызығы, қайтыс болған адам бұған дейін келісімін берсе де, заң бойынша туыстарынан тағы сұралады. Мәселе осы кезде туындайды.
"Заңнама қайта қарастырылған кезде блогерлер халыққа кері көзқарас туындатқызды. Дін рұқсат бермейді деп келісім бермейтіндер бар. Сатып алу, сату болмау керек. Екіншіден мұқтаждық болмауы керек. Өз келісімімен болу керек. Яғни, дін жағынан қарама-қайшылық жоқ", - дейді ҰҒОО Ағза трансплантациялау секторының Аға ординаторы, трансплантолог, хирург дәрігер Мэлс Нұрсейітұлы Асықбаев
Елімізде трансплантация бойынша операцияның 90 пайызы туыстық донор арқылы жасалған. Статистикаға шаққанда, тіпті, 0-ге тең дейді мамандар. Бұл өте мәз емес жағдай екен. Дамыған елдерде, керісінше, мәйіттік донорлық белең алған. Сондықтан донор іздеп бас қатырмайды олар. Ал бізде білікті кадр жеткілікті, орталықтар бар, мемлекет жағдай жасап отыр, бірақ мәйіттен орган алу қиын. Көбі бүйрек ауыстыру үшін шетел асады. Мысалға, Беларусияға барып басқа бүйрек салдырып келу құны 35 миллион теңге.
Қазақстанда тек туыстан мүше алу рұқсат етілген. Яғни, елімізде өзге адам бүйрегін сата алмайды. Заң бойынша рұқсат жоқ. 10 жылға сотталуы мүмкін. Дегенмен мұндай ұсыныспен келетіндер де аз емес дейді дәрігерлер. Сол баяғы ақшаның жоқтығы итермелейтін болса керек. Ал кейде туыстың бүйрегі де жарамай жатады. Қан тобы сәйкес келмейді. Бірақ біздің дәрігерлер биыл қан тобы әртүрлі болса да, 4 адамға туысқанынан бүйрек ауыстырып салған. ТМД елдерінде жоқ тәжірибе.
Осы айда екі адамның жолы болып, мәйіттік донордан бауыр салыныпты. Бірақ оның өзінде туысы жоқ адамнан. Рұқсат қажет етілмегендіктен бауыры алынып, өмір сүруіне 3-4 ай ғана қалған адамның өмірін құтқарып қалған.