"Қазақ әдебиетін қолдауға мемлекеттік бағдарлама қабылдайтын уақыт келді"

1103

Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек баспа ісі және кітап саудасы туралы заң қабылдап, монополиске айналған баспалардың ықпалын азайту керек екенін айтады. Сонда баспалар авторлармен жұмыс істеп, шынайы нарық қалыптасады деп пайымдайды.

"Қазақ әдебиетін қолдауға мемлекеттік бағдарлама қабылдайтын уақыт келді"

"Ешкімге құпия емес, қазір еліміздің барлық дүкендерінде қазақ тілінде жазылған кітаптар жетім бұрышта тұр. Бұл туралы талай айтылды, талай жазылды, бірақ нақты шешімін таппады. Оның себебі біреу-ақ – мәселе заң аясында көрсетіліп, шешілмеген. Мысалы өзімнің "Болмаған балалық шақ" атты кітабымды "Меломан" дүкені қабылдаған жоқ. Жоғары жаққа хабарласып, араға адам салып, уақытты созып жүріп, әрең өткіздік. Олардың айтатын уәжі – қазақ тілінде кітап оқылмайды, оны ешкім сатып алмайды дейді. Оның бәрі өтірік. Қазіргі жастар кітапты жақсы оқиды. Кейін де "Меломан" осы кітабымды екі рет қайталап сұрады, яғни бәрі сатылып кеткен", – деді А. Елгезек Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде.

Оның айтуынша, қазір мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі кітаптар саны – 27 пайыз. 

"Демек қалған 73 пайызы орыс тілінде деген сөз. Отыз жыл бойы шығып келген көркем әдебиет ол мектептерге жетпеген, мектеп сөрелерінде сол социалистік-реализм талабымен шыққан ескі идеологияны насихаттайтын әдеби кітаптар тұр. Бұл туралы арнайы рсепубликалық кітапханашылар семинарында айтылды, сондықтан бұл сандар ойдан шығарылмаған", – дейді Елгезек.

"Мысалы, кітап дүкендерінде кезінде БАҚ-қа қатысты жасағандай 50/50 ережесін жасауға болады – яғни кітап дүкендеріне 50 пайызын қазақша кітап етуді міндеттеу керек. Баспа ісі жөніндегі заң жобасын интернеттен қарап шықтым, оны Ермұхамед Ертісбаев жасаған болатын. Соны заманауи түзету енгізіп, қабылдау керек деп есептеймін. Сосын қазақ әдебиетін қолдау туралы үш жылға арналған мемлекеттік бағдарламаны қабылдайтын уақыт келді. Себебі әдебиет – баршаңыз білетіндей рухани қазынамыз. Ол бағдарламада көркем аударма ісі және басқа да көптеген мәселелер қамтылуы керек. Тарқатып айта берсек, мәселе көп. Бірақ ниет болса, бағдарлама жасап шығуға әзірміз", – деп қорытындылады А. Елгезек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу