Осылайша, әкімшілік рақымшылық жасау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің жаңа 889-1-бабы аясында реттелмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі кезеңде рақымшылық жасау тек әкімшілік айыппұлдарға ғана қолданылады. Ол қайталанған құқық бұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге қолданылмайды. Рақымшылық қарапайым азаматтарға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға және заң консультанттарына да қолданылады. Жеке кәсіпкерлерді рақымшылық қамтылатын тізбеге енгізу азаматтардың экономикалық белсенділігін қолдауға бағытталған.
Әкімшілік рақымшылық жасау соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына және мемлекеттік мүдделерге қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға қолданылмайды.
Атап айтқанда, жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылықтар қамтылмайды. Бұл мас күйінде немесе есірткіге масаң күйде көлік құралын басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жол жүрісі қағидаларын өзге де өрескел бұзуды қамтиды. Сонымен қатар, қару мен есірткі құралдарының заңсыз айналымы, денсаулық сақтау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саулығы, дербес деректерді қорғау және басқа да салалардағы құқық бұзушылықтар да рақымшылық жасаудан тыс қалады. Әкімшілік рақымшылық жасауды қолдану үшін әкімшілік іс жүргізу бойынша бірыңғай тізілім пайдаланылатын болады.
Заңнамада белгіленген критерийлер негізінде жүйе рақымшылық жасауға жататын тұлғалардың тізбесін автоматты түрде қалыптастырады. Шешімдер электрондық форматта қабылданып, уәкілетті лауазымды тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылады.
Рақымшылық жасау қолданылғаннан кейін азаматтар цифрлық сервистер мен SMS-хабарламалар арқылы хабардар етіледі. Бұл үшін мемлекеттік органдарға жеке жүгіну талап етілмейді.