Екі күндік тренигке отандық ІТ және медиа саласының білікті мамандары қатысып, тәжірибе бөлісті. Тренингтер фактчекинг, ақпараттық қауіпсіздік, ақпарат туралы заң, медиаэтика және әлеуметтік желідегі жеке бренд қалыптастыру бағыттарын қамтыды.
Facktchek.kz сайтының бас редакторы Думан Смақовтың сөзінше, айналадағы барлық ақпаратқа сене беруге болмайды. Өйткені, заманауи технологиялардың көмегімен кез-келген адамның бейнесін оған қарсы мақсатта қолдануға болады. Сондықтан интернет кеңістігіне, әсіресе әлеуметтік желіге сурет салмас бұрын, дұрыстап ойланған абзал.
"Сонымен қатар қазір кез-келген ақпараттың бұрмалану қаупі бар. Осындай жағдай Мьянмадағы баланың суретімен байланысты болғаны есімізде. Журналистік тергеу кезінде бұл оқиғаның басқа елде және діни ерекшелігіне қатысы жоқ екені анықталды. Ақпаратты жариялаудан бұрын оны әр түрлі қосымшалар мен бағдарламалардың көмегімен тексеріп алған дұрыс. Өкінішке қарай, ақпараттың рас-өтірігін анықтау аудиоматериалдарға қарағанда, фото және видеоматериалдарға тікелей қатысты. Соңғыларының авторы мен өзгертулерін анықтау қиын емес", – дейді Думан Смақов.
Ол өз сөзінде нақты мысалдарды да келтіріп өтті.
"Арселор Миталл Теміртау" шахталарындағы ереуіл кезінде түсірген суретті верификациядан өткізген кезде, кеншілердің киімінде фирмалық белгінің жоқтығы анықталды. Аталмыш суреттің сараптамасына сәйкес, оның басқа ереуіл кезінде жасалғаны белгілі болды", – дейді Думан Смақов.
Медиа заңгер Гүлмира Біржанованың пікірінше, адамдардың көбі әлеуметтік желідегі постқа лүпіл басып, оны бөлісудің соңы қандай жағдайға алып келерін ойлана бермейді.
"Ойланбай жасалған қадамның соңы экстремистік әрекетке, жаппай тәртіпсіздікке, ұлтаралық не өзге алауыздыққа алып келуі мүмкін. Бұл үшін әкімшілік жаза тағайындалады. Қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған", – деді Гүлмира Біржанова.
"ІТ-тірлік" сайты мен "Тимур академия" академиясының негізін қалаушы Тимур Бектұрдың сөзінше, адамдардың 97%-ы фишингқа төтеп бере алмайды екен.
"Фишинг дегеніміз "балық аулау" деп аударылады. Яғни жеке деректерді аулау. Осылайша, көпшілігіміз белгілі сайттардың қате интерфейстерінде жеке деректерді толтырып, тұрмыстық техника дүкендерінің жалған ойындарынан опық жеп жатамыз", – деді Тимур Бектұр.
Ол өз тренингінде әр мақсатқа алуан түрлі электронды пошта қолдануды, әлеуметтік желіде әркелкі құпия сөз қоюды ұсынды.