Әсіресе уран бағасының төмендеуі ұлттық компания – "Қазатомөнеркәсіпке" ауыр соққы болды. Компанияның акциялары құлдырап, Қазақстан қор биржасы (KASE) капитализациясының төмендеуіне себепкер болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
KASE басқарма төрағасының орынбасары Дана Аманжолованың айтуынша, жыл басынан бері акциялар нарығының жалпы капиталдануы 3,4%-ға, яғни 1,1 трлн теңгеге азайып, 31,8 трлн теңгеге (63,1 млрд АҚШ долларына) дейін төмендеген. Бұл жағдай, әсіресе, уран, қаржы және авиация саласындағы ірі компаниялардың акцияларына әсер етті.
– KASE индексі тоқсанды 1,4 пайыз өсіммен аяқтады. Өсімге негізінен банк секторындағы акциялар – БЦК мен Халық банкі үлес қосты. Ал керісінше, "Қазатомөнеркәсіп", Kaspi және Air Astana акциялары айтарлықтай төмендеді, – деді Аманжолова.
KASE клирингтік орталығының басқарма төрайымы Наталья Хорошевская да уран бағасының төмендеуіне қатысты пікір білдірді. Ол бағаның құбылмалылығы тек қазақстандық нарықпен ғана емес, әлемдік шикізат нарығындағы жалпы тұрақсыздықпен де байланысты екенін атап өтті.
– Қазір әлемдік нарықтарда болжап болмайтын экономикалық саясат жүргізіп отырған ірі ойыншылардың бірі – АҚШ. Мұндай жағдайда бағаның ауытқуы заңды құбылыс. Бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес – нарықтар бұрын да мұндай турбуленттілікті бастан өткерген, – деді Хорошевская.
Оның айтуынша, ішкі нарыққа бағытталған және халықаралық биржаларда көрсетілмейтін компаниялар сыртқы факторлардың ықпалына төзімдірек. Ал экспортқа және шетелдік операцияларға тәуелді ірі компаниялар жаһандық тәуекелдермен бетпе-бет келеді.
– "Қазатомөнеркәсіп" – Қазақстанның ұлттық өнеркәсіп көшбасшыларының бірі. Компания уранды негізінен сыртқы нарыққа сатады және акциялары халықаралық биржаларда саудаланады. Сондықтан мұндай жаһандық күйзелістер ең алдымен осындай компанияларға әсер етеді. Бұл компанияның ішкі сапасына күмән тудырмайды, себебі мәселе нарықтық жағдайға байланысты. Қазір әлемдік нарық құбылмалы: бүгін төмен түссе, ертең қайта көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда осындай ірі экспорттаушылар бірінші болып қысымға ұшырайды, – деді ол.
Айта кетейік, компанияның 2023 жылғы қаржылық нәтижелері өте оң болды. "Қазатомөнеркәсіптің" табысы 26%-ға артып, 1,8 трлн теңгеге жетсе, таза кірісі 95%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады. Компанияның тұрақты қаржылық жағдайын халықаралық Fitch агенттігі де растады – ол компанияның несиелік рейтингін "BBB" деңгейінде, тұрақты болжаммен бекітті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысына "Қазатомөнеркәсіптің" 2025–2034 жылдарға арналған даму стратегиясы ұсынылған болатын.