"Ақшаға пост жазу" қанша тұрады? Соңғы уақытта әлеуметтік желіде осындай сөздер желдей есіп жүр. Жасыратыны жоқ, біреуді қаралап немесе қандай да бір шендіні жер-көкке сыйдырмай мақтау тегін емес. Сонымен нәпақасын тауып, шалқып жүрген блогерлер қаншама. Саяси мәселеге де өзінше ой қосқандай болады. Желі қолданушылары "биліктің тапсырысы" деп сөгеді. Жалпы ақылы постты қалай білуге болады және жазба құны қанша?
Диас Нұрақын журналист. Әлеуметтік желіде ақылы пост жазатынын жасырмайды. Бірақ біреуді қаралау немесе жақтау оған жат. Саяси мәселеден де аулақпын. Көбіне басына іс түскендердің жанайқайын жеткіземін дейді.
“Бұлар сайттарға да, ТВ-ға да шығара алады. Бұл біреуді жамандау, біреудің жеке басына тиісетін ақпараттар емес. бірақ ТВ құны қымбат. Прайспен алатын болсақ, бір сюжеттің құны 1,5 -2 млн теңге тұрады. Белді деген сайттарың 700-800 мың сұрайды. Сондықтан олар ең арзаны көзі блогерлерге шығады. 50 мың теңге алуы мүмкін. 100 мың теңге беруі мүмкін”, - дейді Диас Нұрақын.
Айбар Олжаев та сараптама сапырып жүрген әккі сарапшы. Соңғы 2 жылдан бері тапсырыспен пост жариялап жүр. Бірде саяси мәселені жазып, ақыры ауызы күйген соң, жоламайтын болыпты. Ендігі жамандау жоқ. Тек жақсы жақты тізбелеймін деп пост құнын көрсетіпті. Дайын тексті жариялау 50 мың, өзім сараптап жазсам 100 мың теңге болады дейді. Тіпті Олжаев тапсырыс қабылдаудың тәртібін бекітіпті. Өйткені, бұлай жалғаса берсе, блогерлік жабайы әрі көлеңкелі нарыққа айналып кететін түрі бар дейді.
“Егер біз осы нарықта жұмыс істейтін болсақ дамытқымыз келсе, ашық, шынайылыққа көшуіміз керек. Себебі тапсырыс алушы жақ та, тапсырыс беруші жақ та жалпы ешқандай стандарттармен жұмыс істемейді. Білмейді. Негізі бұл дамыған елдерде жақсы шешілген. Маркировка мәселесі бар”, - деп атап өтті сарапшы Айбар Олжаев.
Маркировка мәселесі дегеніміз. Бұл постыңыз тапсырыспен жазылса, ақылы, деп көрсетіп қою қажет. Оны көрген оқырмандардың оқу-оқымау өз еркі. Пост позитивті болса, әрі ешкімге зияны тимесе бір жөн. Ал біреуді жамандап пост жазғандарды жұрт ажыратып болмайды. Оқырманы көп блогерлерге иманындай сенеді. Мәселен соңғы уақытта Астанаға келіп ереулдеткен жаңаөзендіктерді қаралау үдей түсті.
“Ақпаратты тұтынушылар қарапайым халық қой. Олар жазылған нәрсенің бәрін шын деп ойлайды. Ақиқат деп ойлайды. Ал енді біз медиа мамандары болғаннан кейін оқыған кезде біліп отырамыз. Кімнің қалай жазғандығын. Сондықтан бұл жерде манипулация деген сөз бар ғой. Бұрмалау. Бұл өте зиян”, - деп пікір білдірді журналист Төлен Тілеубай.
“Саяси мәселеге ақылы пост жазу, әлеуметтік мәселеге пост жазу ол еңбегіңді сату емес. арыңды сату деп білемін. Ал енді тапсырысты қайдан алуы мүмкін. Әрине аймақтарды, қаланың басшылығын алсақ, бұл жерде ішкі саясат бөлімінен алуы мүмкін. Немесе билік тарапынан президент әкімшілігінен алуы мүмкін. Үкіметтен, органдардан түрлі түрлі жерден алуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінен алуы да мүмкін”, - дейді журналист Жалғас Зейнолла.
Негізі ақылы пост екенін қалай ажыратуға болады. Салада жүргендер бұл қиын дейді. Десе де байқауға болады. Мәселен тапсырыспен жазылған жазбалардың мазмұны, мағынасы және хэштері бірдей. Сондай-ақ, бір кісілердің аты бірнеше жерде аталса, ақшасы төленген пост деп ұғуға болады.