Экономистерден кеңес: Ақшаны дәл қазір қай валютада сақтаған дұрыс

6984

Елдегі танымал экономистер дәл қазір қазақстандықтар ақшасын қай валютада сақтағаны дұрыс деген сұрағымызға жауап берді. Доллар бағамы 495 теңгеге барған қазіргі жағдайда қандай шешім қабылдаған жөн?  

Экономистерден кеңес: Ақшаны дәл қазір қай валютада сақтаған дұрыс

Енді ауыстырудың қажеті шамалы

Экономист Данияр Темірбаевтың айтуынша, доллармен сауда жасамайтын немесе сол валютамен несие төлемейтін болсаңыз, бір сөзбен шығыныңыздың бәрі теңгемен шығып жатса, дәл қазір алаңдаудың уақыты өтіп кеткенін айтады. Себебі қазір теңге түріндегі қолдағы ақшаңызбен доллар сатып алсаңыз да, көп ұта алмайсыз.

"Өзім де жинаған ақшамның бір бөлігін доллармен ұстаймын. Десе де теңгемен сақталған қаражатымның басқа бөлігі долларға конвертациялаудың дәл қазір мән-мағынасын көріп тұрғаным жоқ. Жағдай күрделі. Ал шығыны немесе қарызы долларға байланған адамдар ойлануы керек, бәлкім. Осылай дер едім", – дейді ол.

Алда не болатынын болжап көруді сұрағанбыз экономистен. Алайда Данияр Темірбаев қазір бірде-бір экономист теңге бағамы алда қалай болатынын сізге айтып бере алмайтынын, өйткені оның бәрі экономика емес, саясатқа байланысты болып тұрғанын мәлім етті.

"Нақтырақ айтқанда, өзіңіз білетін бір адамның миында не тұр – соған байланысты. Ол мидың не ойлап, не былықтырғалы отырғанын білмейміз. Болжап білмейтін адам кабинеттен кабинетке кіріп, картаға қарап, тағы қай елді басып алуға болатынын ойлап жүрген шығар. Сол себепті болжам жасай алмаймын", – дейді Данияр Темірбаев.

Күрделі сұрақ

"Бұл өте күрделі сұрақ" дейді экономист Сапарбай Жобаев. Оның сөзіне сенсек, 1 миллион теңгеге дейінгі ақшаңыз, депозитіңіз болса, оны басқа валютаға аудармаған жөн. Ал 100 млн теңгеге дейінгі ақшасы бар адамдарға экономист басқа кеңес айтты.

"100 млн теңгеңіз болса, онда оны төртке бөлу керек. Төрттен бірін еуро немесе долларда, төрттен бірін теңгеде, қолынан келсе тағы төрттен бірін акциялар немесе облигацияларда сақтап, қалған 25 млн теңгеге үй немесе жер алып қою керек. Осы жинақ ақшаны пассив актив деп атайды. Осының бәрі жинаған қаражатыңыздың сақталуын қамтамасыз ете алады. Әйткенмен акциялар мен облигациялардан ақша жоғалтып алу ықтималдығы бар. Онымен білген адам ғана айналысуы тиіс. Білетіндер алтынға да ақша салады", – дейді ол.

Сапарбай Жобаев 100 млн теңгеден артық ақшасы бар адамдар не істеуі керектігін өздері-ақ білетінін айтады.

"Оларға ақыл-кеңес берудің қажеті де жоқ. Инвестициялық компаниялар арқылы үлесін алып, бағалы қағаздармен, акциялармен жұмыс істейді. Олар қаражатын 20-25 түрлі бағалы қағаздарға салып, үлеспепұлдық жарна арқылы ақшасын ұстап отыр", – дейді Сапарбай Жобаев.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу