Ақтау халқы тәулігіне 147 мың текше метр су пайдаланады

105

Маңғыстау облысын ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін тәулігіне 211 мың текше метр су қажет.  

Ақтау халқы тәулігіне 147 мың текше метр су пайдаланады Фото: canva

Қазіргі таңда қолданыстағы су көздерінің жалпы қуаттылығы тәулігіне 188 мың текше метрді құрап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ал, нақты тұтыну көлемі – тәулігіне 147 мың текше метр. Алдағы жаз айларында тұтыну көлемі артатынын ескерсек, болжам бойынша тапшылық шамамен тәулігіне 23 мың текше метрге жетуі мүмкін.

Бүгінде Ақтау қаласын ауызсумен "МАЭК" ЖШС, "Ақтау су тұщыту зауыты" және "Каспий су тұщыту зауыты" қамтамасыз етеді.

Жалпы алғанда, бұл кәсіпорындар қаланы тәулігіне 60-65 мың текше метр ауызсумен қамту мүмкіндігіне ие.

Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовтың айтуынша, алдағы жылдары халық санының өсуін ескере отырып, ауызсу тапшылығын толықтай шешу мақсатында бірнеше ірі жоба іске асырылмақ.

– "Каспий" су тұщыту зауытының қуаттылығын тәулігіне 60 000 текше метрге арттырып, жалпы көлемін 100 000 текше метрге жеткізуге бағытталған үшінші кезең жобасы орталық мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Үкімет қаулысы бекітілгеннен кейін биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жыл соңына дейін құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Сондай-ақ, "МАЭК" ЖШС аумағында өнімділігі тәулігіне 24 000 текше метр болатын кері осмостық станция орнату жобасы 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жоба сараптамадан өтіп жатыр. Бұған қоса, қуаттылығы тәулігіне тағы 24 000 текше метр болатын тұщыту қондырғысы жобасына да өзгерістер енгізіліп жатыр, – деп мәлімдеді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Бұдан бөлек, Ақтау қаласында сумен жабдықтау және су бұру желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші кезең аясында 18 жоба қамтылған.

Оның ішінде 42,59 км су құбыры, 16,8 км кәріз желісі және 5 канализациялық сорғы станциясы жаңғыртылады. Қазіргі таңда 9 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 90%-ға аяқталған.

Мәселен, Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 000 текше метр теңіз суын тұщытатын кешеннің құрылысы аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2025 жылдың маусым айының соңында пайдалануға берілмек.

Ал "Кендірлі" курорттық аймағындағы "Тоқмақ" жерінде қуаттылығы тәулігіне 50 000 текше метр болатын су тұщыту зауытының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда зауытқа қажетті құрылғылар орнатылып, іске қосу шаралары жүргізілуде.

Нысан 2025 жылдың 31 мамырына дейін пайдалануға беріледі. Алайда зауыттың өндірісін толық көлемге шығару уақытты алатындығын ескере отырып, толық қуатқа шығуы осы жылдың соңына дейін жалғасуы мүмкін.

Серікқали Қанапиннің айтуынша, бұл зауыт іске қосылғаннан кейін Астрахань–Маңғышлақ су құбырынан үнемделетін 25 000 текше метр су Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Ақтау қаласына бағытталады.

Сонымен қатар, Құрық ауылында жеке инвестор "Алека" ЖШС арқылы тәулігіне 10 000 текше метр су тұщыту қондырғысы салынып жатыр. Нысан шілде айында іске қосылып, ауыл мен жағажай аймағын толықтай ауызсумен қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Бұдан бөлек, облыс бойынша сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 3 787,7 км. Оның ішінде 1 169,4 км немесе 31%-ы тозған. Қалаларда бұл көрсеткіш – 71,5%-ды құрайды. Жоғарыда аталған жобалар іске асырылған соң, тозу деңгейі 83%-дан 72%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Жиын соңында аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай ауызсумен тұрақты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, жауапты мекемелерге жұмысты жеделдетуді тапсырды.

– Жаз мезгілінде тұрғындарға ауызсу үздіксіз жеткізілуі тиіс. Бұл – күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Сондықтан қала, аудан әкімдері мен жауапты мекемелер жұмысты дер кезінде әрі сапалы аяқтаңыздар, – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу