Отандық өнім елімізден бөлек, Өзбекстан мен Ресейге де сатылып жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, ләңгі шығаруды былтырдан бері жоспарлаған.
“Ләңгі ойыны көпшілігімізге таныс. Әрқайсымыз бала кезімізде теуіп ойнап көрдік. Бірақ, қазір әр есік алдында бұрынғыдай мал сойылмайды. Екіншіден, қорғасын табу қиындады әрі балаларға қауіптірек. Сондықтан бұл ойын түрі шеттетіліп, ұмытылып бара жатыр. Соны неге жандандырмасқа деп ойладым. Кемі 5-6 адамның қайдан ләңгі алуға болатыны туралы естідім. Сондықтан өзім осы ойынға қажет құралды жасаумен айналысқым келді. Былтырдан бері жоспарлап, биыл қолға алдым. 1 ай бұрын цех өнім шығаруды бастады”,- дейді Анвар Шайхымов.
Қазір цехта 4 адам жұмыс істейді. Ләңгіні арнайы құрылғымен дайындайды. Салмағы мен көлемі қолайлы болу үшін, ләңгі мырыш пен теріден жасалады. Сапалы болуы үшін тон жасауға арналған өңделген теріні пайдаланады.
Кәсіпкердің өзі кәсіби шахматшы. Ол көп отырудың ағзаға қандай зиян екенін біледі. Қимыл-қозғалыс жұмыс барысында сирек. Ал, ләңгі ойыны бойға қан жүгіртіп, шынықтырады. Көзге, аяққа пайдасы көп. Тіпті, егде кісілер де 5 минут тепкеннің өзінде терлеп, шынығып қалады екен.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ләңгі ойыны қайта танылып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылары жиі сұрайды. Сондықтан да ұлттық спорт түрі ретінде танытуды жоспарлайды.
“Алдағы уақытта ләңгі ойынын тренд қылуды жоспарлаймын. Балаларға, ересектерге ойын ұйымдастырып, келесі жылы республикалық федерация ашуға жұмыстанып жатырмыз”,-деді кәсіпкер.
Бір ләңгінің бағасы - 1500 тг. Қазір Қазақстанның 7 өңірінде өкілдері бар.