Ақтөбе қаласы қоқыстан қыркүйекке дейін тазаруы тиіс

800

Алайда, онымен айналысып отырған мекемелер үлгермейтіндерін айтып отыр.  

Ақтөбе қаласы қоқыстан қыркүйекке дейін тазаруы тиіс

Ақтөбе қаласы мен оның маңайын тендерден ұтып алған екі мекеме "Ақжол" және "Нео плюс" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тазалауда. Оның ішінде, "Ақжол" ЖШС қазірдің өзінде Алматы ауданының аумағын, мал базары, Бекқұл баба ауылы, автоцон төңірегі, 41-разъезге дейінгі жерлердегі заңсыз қоқыс алаңдарын тазалап  шықты. Мекеме бұл жұмыстарға отызға тарта жүргізуші мен жұмысшы, 10 ауыр жүк көлігі мен 3 жүк тиегішін жұмылдырған. "Ақжол" ЖШС директоры Есім Төребековтің айтуынша, олар соңғы он шақты жылдың ішінде пайда болып, жиналып қалған қоқыс алаңдарын тазартып отыр.

Шаһардағы қоқыстың көптігі келесі мекемені де шошытқан сыңайлы. "Қазір Астана ауданының төңірегін тазалап жатырмыз. Бұл жердегі Құрашасай мен Қурайлы елдімекендерінің жанында заңсыз қоқыс алаңдары өте көп. Осы жерден бір "КамАЗ" көлігі тәулігіне он рейс жасаса, оған он бес тоннаға дейінгі қоқыс аузы-мұрнынан шыға толтырылып, тиеледі. Сөйтіп, бір полигоннан күніне 450 тонна қоқыс шығарылады. Жағдайды осыдан-ақ біле беріңіз", – дейді "Нео плюс" ЖШС директоры Виктор Проскурин.

Ғарыштан барлау түсірілімінің мәліметінше, Ақтөбе облысының аумағында 747 заңсыз жиналған қоқыс алаңы бар екен. Оның 425-і – Ақтөбе қаласына қарасты аумақта орналасқан. Қаланы қоқыс-қалдықтан тазартуды мойнына алған екі серіктестік қазіргі күні 130 заңсыз қоқыс алаңы тазартқан. Қалған жұмыс қыркүйек айына дейін бітіп, тапсырылуы тиіс. Алайда, олар бекітілген мерзім ішінде үлгеретіндеріне әлден-ақ сенімді емес.

Оның үстіне, ақтөбеліктердің қоқыс-қалдыққа төлейтін коммуналдық қарызы да шаш-етектен. Мәселен, қоқыс шығарумен айналысқан "Таза қала" ЖШС-ына қала тұрғындары 45 миллион теңге қарыз. Ал "Нео плюс" ЖШС қала тұрғындарының соңына екі жыл түсіп жүріп, 70 миллион теңге қарызын әрең өндіріп алған.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу