Ақтөбе май экстракциялау зауыты іске қосылады

1545

Ақтөбе май экстракциялау зауыты іске қосылады

Ақтөбеде мақсары өсірушілер енді оны сату алаңын іздеп, жүгірмейді. Күзде Хромтау ауданының Жазық ауылында майлы дақылды өңдейтін зауыт іске қосылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Ақтөбе шаруалары мақсары өсірудің қыр-сырымен танысты. Қазіргі уақытта Алға, Мәртөк, Хромтау, Қобда, Мұғалжар аудандары мақсары өсіруге өте ыңғайлы болып тұр. Әрі биыл өңірде Ақтөбе май экстракциялау зауыты іске қосылады.

Қазақстан-Тәжікстан бірлескен кәсіпорны жаңа өнімді сатып алып, өңдеуге келісім берді. Өсімдік майы сапасы жағынан зәйтүн майына тең келіп, пайдалы болып отыр. Тіпті, мақсарыдан шай да шығарылады. Бұл АҚШ сұранысына ие өнім.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында зауыт басшылары мен шаруалар, Тәжірибе станциясының мамандары қатысып, мақсары өсірудің артықшылықтары түсіндірілді.

"Тәжірибе станциясында мақсарының ахрам деген түрі бойынша жаңа сорты шығарылды. 2015 жылы дән алдымен Мәртөк ауданына себілді. Жақсы өнім беріп, "Дина" шаруа қожалығы 700 келі дән егіп, 22 тонна өнім алды. Тағы бір жылдан соң 700 га дән сеуіп, 560 тонна өнім жинады. Мақсары өсіру өзге дәнді дақылға қарағанда екі есе арзанға түседі", — деді Тәжірибе станциясының маманы А.Жұбанышева.

Еліміздің оңтүстігі мақсарыны суармалы әдіспен өсіріп, кейін өнімді Қытайға сатып жатыр. Себебі, қытай елінде дәннен табиғи жиһаз шығарылады. Майлы дақыл Ресейде де жоғары сұранысқа ие. Оны жемге қосып малға беруге болады. Ірі қара мен ұсақ мал тез салмақ қосады, құсқа да пайдалы.

"Мақсары өсірілген жерге мал кірмейді, құс та шұқымайды. Бірақ өз қиындықтары бар. Мәселен, мақсары әдбен піскен кезде тез жинап алу керек. Егер жаңбыр жауса, қауызы ашылып, дәні ылғал болып, жарамсыз күйге түседі", — деді шаруа Әділ Құрманаев.

Айта кетейік, дәстүрлі емес шаруашылықты дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау бар. Мақсары өсіріп, зауытқа тапсырғандар әр тоннасына 15 мың теңге субсидия алады.

"Біз жыл бойы үздіксіз мақсары, зығыр қабылдай аламыз. Тазарту, құрғату, сақтауға арналған зауытта 100 адам жұмыс істейді. Мақсары майы — экспорттық өнім. Қытай, Орта Азияға жібере аламыз. Жылына 10-20 мың тонна майлы дақылды өңдей аламыз", — деді кәсіпкер Негматулло Кориджумаев. Жиын кезінде оңтүстікте өсірілетін "Нұрлан" сортты мақсары дәнін егу пайдалы екені айтылды. Себебі, бұл сорт қуаңшылыққа төзімді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу