Ақтөбе облысында 2017 жылы тапсырылуға тиіс мектептер бар

1478

Кейбірі "сақалды құрылысқа" айналса, кейбіріне бөлінген қаражат құмға сіңгендей жоқ болған.

Ақтөбе облысында 2017 жылы тапсырылуға тиіс мектептер бар

Ақтөбе облысында апатты жағдайдағы және үш ауысымдық мектептер проблемасы түбегейлі шешілмеген. Өңірде 19 мектеп директорының орны бос тұр. Бұл жөнінде облыстық "Nur Otan" партиясы жанындағы білім және ғылымды дамыту жөніндегі партия жанындағы кеңесінің отырысында айтылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Апатты мектептер жайын қозғаған аудандық әкімдік өкілдерінің сөзіне сүйенсек, бұл нысандар, негізінен, 2017 жылы-ақ салынып, балалардың игілігіне жарауға тиіс болған. Алайда сол уақыттан бері кейбірі "сақалды құрылысқа" айналса, кейбіріне бөлінген қаражат құмға сіңгендей жоқ болады. Атап айтқанда, тиісті мекемелер аталған жылы тапсырылуға тиіс болған Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектептің мердігерінен білім мекемесін уақытылы тапсыруды сұрауды "ұмытып" кетіпті, қазіргі күні оған байланысты қылмыстық іс қозғалған. Осындай жағдай құны 1 млрд 500 млн теңгеге бағаланған Ақтөбе қаласы Шилісай орта мектебіне де қатысты. Осы қаладағы 900 орындық №4 орта мектептің "сайда саны, құмда ізі" жоқ.  

Ал апатты жағдайдағы мектептердің қатарында Мұғалжар ауданы Алтынды елді мекеніндегі 1960 жылдары салынған ескі мектеп пен Шалқар ауданы Бозой орта мектебін айтуға болады. Мұның алғашқысында мектептің қабырғасы қақ жарылғасын оқушылар былтырғы оқу жылын сол жердегі алтын өндіретін компанияның кеңсесінде оқып шығыпты. 

Екіншісін мердігер компания мүшкіл халде тұрғандықтан күрделі жөндеуден бас тартқан. Олардың алға тартқан уәжі: мектепті қайта салу керек, жөндеуге келмейді. Сөйтіп, 2021 жылы жаңадан бой көтеруі тиіс Бозой мектебінің сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінген. Белгілі болғандай, бұл мектептің күрделі жөндеуін есептеуге де қаражат берілген. Жұмыс басталатын кезде ғана оның жөндеуге жарамайтыны айтылады. Оны алдын ала анықтап білуге болмады ма, не себепті мемлекет қаржысының есебінен екі рет шығын шығарылды, ең бастысы, кемшіліктен қорытынды шығарыла ма – бұл сұрақтардың жауабы белгісіз. 

Кеңес отырысында депутаттар мектептерді салуға бөлінген қаржының көлемі мен тиімді жұмсалуына да назар аударды. Мәселен, "Bi Group" компаниясы салатын Мәртөк ауданы Кеңсахара орта мектебі мен Веренка негізгі мектебінің әрқайсысы 1 млрд.теңгеге бағаланған. Бұл модульды мектептерде 60 баладан ғана оқиды екен, ендеше оны осыншама қаражатқа салуға қандай қажеттілік бар?

"Ақтөбе облысында 19 мектеп директорының орны, Алға аудандық білім бөлімі басшысының орындары 2019-2020 жылдан бері бос тұр. Алға ауданы Сарықобда негізгі мектебі, Ойыл ауданы Берсиев атындағы орта мектеп, Көсембай негізгі мектебі, Ырғыз ауданы Т.Жүргенов атындағы орта мектеп, басқа да осындай бірқатар мектеп директорларының орны бос. Облыстық білім басқармасы үміткерлер көп жағдайда конкурстық комиссиядан өте алмайды деген себепті алға тартады. Ол үшін директорларды тағайындайтын комиссия құрамын өзгерту керек. Себебі, мектепті меншігіндей көретін директорлар корпусы өсіп шығып, нәтижесінде Ақтөбе облысында білім сапасы төмендеп кетті", - деген облыстық мәслихат депутаты Баянды Сәрсенбина білім саласындағы тағы бір үлкен мәселені көтерді.

Айта кетейік, жиында қозғалған мәселелер бойынша жұмыстар атқарылып, сең қозғалғаны байқалады. Жетекші партияның облыстық филиалы баспасөз қызметінен хабарлағандай, дәл осы білім саласындағы проблемалар бойынша бірнеше рет отырыс өткізіліп, оларды шешу жолдары қызу талқыланған. Кеңес мүшелері "Жол картасы" бағдарламасының орындалуы бойынша рейдтер өткізіп, соның нәтижесінде, өңірдегі уақытылы тапсырылмаған 7 жаңа мектеп жыл соңына дейін салынып бітіп, пайдалануға берілетін болыпты. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу