Ақтөбе Үндістан мен Беларусьтің қантын алмақшы

667

Ақтөбеде шағын дүкен ұстап отырған кәсіпкерлер сататын  қант таппай отыр. Тіпті, көтерме сауда орындарынан табудың өзі  болған. Әкімдіктегілер болса, аймақта қант тапшылығы жоқ деуден танбайды.

Ақтөбе Үндістан мен Беларусьтің қантын алмақшы

Келісі 363 теңгенің қантын әлеуметтік дүкеннен алуға болатынын айтты. Қаладағы ірі сауда желісінде келісі – 420 теңгеден.

Бірақ әр адамның қолына үш келіден артық сатпайды. Ал ауладағы шағын дүкендердегі баға-әртүрлі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Баға "ұшып" тұр. Нанның өзі 150 теңге ғой. Қант бұрыннан қымбат. Өткен айда 368 теңгеден алғанмын. Көршілер  қазір әр дүкен әртүрлі бағаға сатып жатыр дейді. Біреуі 600 теңгеден, екіншісі келісін 800 теңгеге сатты дейді. Мен өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Айына алатын 55 мың теңгем ештеңеге жетпейін деп тұр", – дейді қала тұрғыны Света Дүйсенбина.

Шағын дүкеннің сатушылары да  қымбатшылық қатты сезілетінін айтты. Тұрғындар бұрынғыдай жеміс-жидек сатып алуды азайтқан. Тек нан-сүтін, шекер-майын алып жүр.

"Сұйық май, шекер, күріш, нан. Бірінші осыны алады. Қазір баяғыдай алма, банан, алмұрт деген өтпейді. Бау-бақша пісіп, өзіміздің картоп шығып жатса да, ол да қымбат. 320-330 теңгеден сатып  отырмыз. Фирмаларда қант жоқ. Неге шағын дүкендерге қант берілмейді? Сосын біздер қымбатына әкеліп, қымбатына сатамыз. Халық тамақты қарызға алуға көшті. Әсіресе, пәтер жалдап жүрген жас отбасылар көп. Солар жаздырып алады", – дейді сатушы Бибігүл Бабырова.

Құмшекердің қымбаттап кеткен себебін Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөліміндегілер шикізаттың бағасы өскенімен байланыстырады. Әрі көрші Ресейде қант тасымалына шектеу қойылғаны біздің нарыққа да әсер етіпті. Бір жағынан  халықтың қантты тұтынуы 20 пайызға артқан. Соған қарамастан, әкімдіктегілер Ақтөбеде қант қоры жеткілікті екенін айтады.

"Әлеуметтік дүкендерде қант бар. Келісін 363 теңгеге сатып жатыр. Алдағы уақытта жеткізіп беруші екі мың тонна қант Беларусьтен және Үндістаннан әкелуге тиіс. Көтерме баға 510 теңге болса, үстеме бағамен 590 теңге болады", – дейді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев.

Зада Зейін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу