ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Мұғалжар ауданы ауылдық округі әкімінің алаяқтық әрекетінің жолын кесті, деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.
"Аграрлық несиелік корпорация" АҚ Ақтөбе қаласындағы филиалы "Құлан" бағдарламасы бойынша шаруашылық қожалығының иесіне 40 жылқы сатып алу үшін жалпы сомасы 11 840 000 теңгені құрайтын несие бергені анықталды.
Алайда бөлінген несие шаруа қожалығының иесіне жетпеген.
Ауылдық округтің әкімі жалған құжаттар мен түбіртектерді пайдаланып, көрсетілген қаражатты алып, оны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлімі бойынша жүргізіліп, оның аясында ауылдық округ әкіміне "қамауға алу" шарасы қолданылды.