Ақтөбеде "Автопарк" ЖШС басшылығы кешірім сұрады

1263

Ол жолаушылар "көлденең" табыстан қағылғысы келмеген жүргізушілер әрекетінен зардап шеккенін айтуда.  

Ақтөбеде "Автопарк" ЖШС басшылығы кешірім сұрады

Ақтөбеде қоғамдық көліктерде электрондық төлем жүйесі енгізілгеннен кейін автобус қозғалысы нашарлап кетті. Қаладағы жолаушылар көлігіне жауапты екі мекеменің қызметкерлері бірінен кейін бірі жаңа жүйеге қарсы шықты. Қазіргі күні "Автопарк" ЖШС мекемесі тұрғындардан қолайсыздық тудырғаны үшін кешірім сұрап, заңсыз ереуіл жариялаған жүргізушілермен келісім-шартты үзетінін мәлімдеді, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, шаһарда бұған дейін ПАТП деген атаумен белгілі  қала әкімдігіне қарайтын "Жолаушылар тасымалы кәсіпорны" ЖШС жүргізушілері дифферциалданған тариф жүйесіне қарсы шыққан. Олардың қатарына жеке кәсіпкерге қарасты  "Автопарк" ЖШС-дағы әріптестері де қосылды. Автобус жүргізушілері қолма-қол ақша төлемейтін кәртішке арқылы есеп айырысу олар үшін тиімсіз екенін алға тартқан. Олар жолаушылардан түскен ақшаға жанар-жағар май сатып алып, көлігін жөндеп, кондуктордың жалақысын төлеп келген. Оның үстіне, жаңа төлемақы жүйесі бойынша уәде етілген субсидия алдағы күзде ғана берілмек екен.

Жүргізушілердің бұл әрекетінен айналып келгенде қарапайым тұрғындар көп зардап шекті. Олар аялдамаларда қоғамдық көліктерді сағаттап күтуге мәжбүр болған. Керісінше, аяқ асты клиентке қарық болған такси иелерінің "бағы" жанып, бағалары аспандап кетеді.

Қазіргі күні "Автопарк" ЖШС автобустары жұмысқа қосылған. Мекеме басшылығы болған жайға күн сайын 15 000-25 000 теңге аралығында табатын "көлденең" табыстан айырылып қалғысы келмеген жүргізушілердің өзін кіналауда. Себебі, онлайн төлем жүйесі ондай "бармақ басты, көз қыстыға" мүмкіндік бермейді. "Автопарк" ЖШС құрылтайшысы Мейіржан Өндіргенов қарсылық білдірген топтың алдына шығып, оларға тіпті өңір үшін тәуір саналатын 200 000 теңге жалақы ұсынылып отырғанын айтты. Дегенмен, жаңа жүйемен келіспейтін қызметкерлермен арадағы келісім-шарт бұзылатын болады, ал дау тудырып, "ши шығара" берген адамдар тәртіп сақшыларының қолына берілмек. Ал көлік жөндеуге келсек, ол мекеме есебінен жүргізіледі екен. Төлем кәртішке арқылы жасалатындықтан бұрынғыдай қолма-қол ақша жинайтын кондукторға қажеттілік болмайды. Айта кетейік, аталған автопарк жұмысқа жүргізушілер алатындығы жөнінде жер-жерге хабарландыру беріп те тастаған. Бұған дейін Ақтөбе қаласының автобустарына енгізілген жаңа жүйені көпшіліктің түсінбей жатқанын жазған болатынбыз.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу