Ақтөбеде Даун синдромына шалдыққан балалар шіркеуге тиесілі ғимаратты паналап отыр

328

Ол жерде балаларға тек бір маман ғана қызмет көрсетеді. 

Ақтөбеде Даун синдромына шалдыққан балалар шіркеуге тиесілі ғимаратты паналап отыр Фото: Әзиз Жанұзақ

Бір қабатты шағын ғимараттың өзін халықаралық қорлардың бірі уақытша алып берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоспар бойынша, осы жерде Даун синдромына шалдыққан балаларға  әр түрлі емдік, сауықтыру шаралары өткізілуі тиіс еді. Сондай-ақ, кәсіптік бағыт-бағдар беру де қарастырылған екен. Өкінішке орай, қазір оның бірі де жүзеге аспай отыр. Өйткені, маман жоқ. Қазір жалғыз психолог қана қызмет көрсетеді. Баласы Даун синдромына шалдыққан Нұрзия Төлеудің айтуынша, бұл орталықтың көмегі аз.

"Шіркеудің қасындамыз. Осы жерді берді бізге. Тек қана психолог бар. Ешқандай маман жоқ. Ол мамандар келу үшін жағдай қажет. Әр түрлі құрылғылар қажет. Қаржыландыру қажет.Олар келіп, бесплатно жұмыс істемейді.Сол жағынан көмек болса дейміз. Менің балам алтыда. Балабақшада. Биыл мекепке барамыз. Бізге күнделікті даму керек. Өйткені, мұндай балалар бүгін үйреткен нәрсені ертеңіне ұмытып қалады. Сондықтан көп жұмыс істеуді талап етеді. Бізге арнайы орталық ауадай қажет. Ол жердің бассейні, спорт залы болса деймін. Логопед, дефектолог, психологтар қажет", - деді ол.

Оқу жасындағы балалар арнайы мектепте білім алады. Дегенмен, оларды үлкен өмірге, арнайы мамандықтарға баулитын бөлек орталық жоқ. Ата-аналардың айтуынша, балаларға берілетін жәрдемақының өзі ештеңеге жетпейді. 

"Қосымша көмек ала алмаймыз. Мысалы, менің қызым он үште, қайда барсақ та есік жабулы. Әкімдікке де талай бардық. Бізді қабылдмайды. "Каритас" қоры Алматы, Көкшетау, Атырау қалаларында жақсы жұмыс істеп жатыр. Әкімдік оларды қолдап, керемет орталықтар ашылған. Ал, біздің балаларымыз мектептен кейін ешкімге керексіз болып қалады. Сол қалалардағыдай орталық болса, белгілі бір мамандықты игеретін еді. Балалардың қосымша диагноздары бар. Көздері нашар, 99 пайызы жүректеріне операция жасайды, аяқтарына операция жасайды. Жүре алмайды көбісі. Қаражат жағы қиын. Тағы бір проблема – үйге тастап кете алмаймыз. Мысалы, мен өзім жоғары білімді маманмын. Балам үшін үйде отырмын қазір", - деді Гүлназ Қалменова есімді ана.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Даун синдромына шалдыққан балаларға арналған орталық ашу жоспарда жоғын ашып айтты. Дегенмен, демеуші табылса, қолдауға дайын. 

"Қазір облыста 322 мың бала бар. Оның 5 мыңға жуығының мүмкіндігі шектеулі. Даун синдромына шалдыққандардың саны - 215. Олар диспансерлік бақылауда. Әр емханада дер кезінде қызмет көрсетіледі. Жылына екі рет реабилитациялық ем алады. Бұл балаларға жеке орталық ашып, көмек көрсеткісі келетіндер болса, оған лицензия алу керек. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық департаменттен қорытынды алады. Содан кейін ғана қызметтерін бастай алады", - деп атап өтті Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Ата-аналарды бұл жауап қанағаттандырмайды. Олар орталық ашу үшін барымызды саламыз деп отыр. Тіпті, қоғамдық ұйым құрмақшы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу