Ақтөбеде қоршаған ортаны ластап отырған 93 кәсіпорын бар

512

Мәселені шешу үшін 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы әзірленді.

Ақтөбеде қоршаған ортаны ластап отырған 93 кәсіпорын бар Фото: Әзиз Жанұзақ

Экологиялық ахуалдың нашарлауына "Хром қосындылары зауыты", "Ферроқорытпа зауыты" секілді ірі кәсіпорындар мен қоқыс полигоны, кәріз суы төгілетін орындар айтарлықтай "үлес қосып" отыр. Бұл нысандар ұдайы  экологтардың назарында. Бұған дейін 50-ге жуық мекемеге тексеріс жүргізілген. Соңғы бір жылда қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем көлемі 9 миллиард теңгеге жетті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Облысымызда жоғарғы санаттағы 93 кәсіпорын жұмыс істейді. Тексеріс барысында 89 нұсқама беріліп, 172 әкімшілік хаттама толтырылды. Айыппұлдар толық өндірілді. Заң бұзушылыққа жол беретін көбіне мұнай-газ саласында және тау-кен өндірісінде жұмыс істейтін кәсіпорындар", - дейді, Облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Тұрар Қожанов.

Өңірдегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі – Алға қаласындағы Химия зауытының қалдықтарын тазарту. Өйткені, қирандылардың арасында зиянды, улы қалдықтардың мөлшері өте көп. Бұған дейін дайындалған жобалар ескіріп қалды. Сондай-ақ, Елек өзенінің алты валентті хроммен ластануы да тұрғындарды ұзақ жылдардан бері алаңдатып келеді. Жол картасына осы нысандар да енгізіліп отыр. Биыл негізінен жоспарлау, жобалау жұмыстары жүрсе, келер жылдан бастап нақты шаралар қабылдана бастайды.

"2024 жылы 8 кәсіпорынға автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату жүктелді. Алғадағы зауыттың жобасына толықтырулар мен түзетулер енгізіледі. Жер асты суының мол қоры бар "Көкжиде" кен орны да назарға алынды. Қазір ол жерде 5 компания жұмыс істейді. Департамент тексерістер жүргізді. Министрлік тарапынан бұл компаниялармен ұңғымалардың жұмысын кезең-кезеңімен тоқтату туралы жоба қабылданып, қол қойылды. Бұл жоба 2024-2032 жылдарға арналған. Алайда, биылдың өзінде 4 компания өздерінің 3-4 ұңғымасын алуға дайын екенін білдірді", - деді Т. Қожанов.

44 жобаның 17-сі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асады. Ол үшін 3 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінбек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу