Ақтөбеде жұлдызқұрт жайлаған алқаптар тексеріліп жатыр

1635

Шаруалардың дәріге кеткен шығынының тең жартысы өтеледі.  

Ақтөбеде жұлдызқұрт жайлаған алқаптар тексеріліп жатыр

Ақтөбе облысының жұлдызқұрт жайлаған төрт ауданы мемлекет тарапынан зерттеліп жатыр. Әзірге зиянкестен шығын шеккен фермерлер мен зәрезап болған тұрғындар улау жұмысының шығындарын өздері көтермек, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Айта кетейік, жұлдызқұрттар алдымен Қарғалы, Алға, Мәртөк және Әйтеке би аудандарында байқалған болатын. Кейін олардың қалың нөпірі Ақтөбе қаласына жетіп, ондағы Заречный, Нұр Ақтөбе, Қызылжар, Бауырластар, 41 разъезд ықшам аудандары мен Қурайлы ауылында қаптап кеткен.

Белгілі болғандай, бұл жәндіктің ғылыми атауы – латынша "Loxostege sticticalis". Ол ауа райы қатты ыстық немесе жауынды-шашынды болған кезде пайда болып, шамамен 8-10 жыл аралығында шектен тыс көбейіп кетіп тұрады екен.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен белгілі болғандай, қазіргі күні Ақтөбе қаласында зиянды жәндікпен күрес бойынша штаб құрылып, "MKR.PLUS-зиянкестерге қарсы өңдеу", "Фитосанитария",  "Дезинфекция" мекемелері улау жұмыстарымен айналысуда. Қала тұрғындарының, саяжай және бау-бақша учаскесі тұрғындары үшін көкөніс өсірушілерге арналған мамандандырылған дүкендерде қолдану дозалары көрсетілген пестицидтер қаптама күйінде сатылып жатыр.

Нақтылай кететіні, үй-ішін улаймын деген тұрғындар үшін бұл қызмет ақылы. Ең бастысы, химиялық өңдеу жұлдызқұрт жаппай қырылатын түнгі мезгілде жасалуы тиіс. Оны жасаған жерге балалардың бармауын қадағалау және залалсызданған жердің өнімін екі аптаға дейін жемеу – пәндетті шарттардың қатарында.

Дегенмен, өңірдің мазасын алған жұлдызқұртқа жергілікті басшылық бірден назар аудара қойған жоқ еді. Бұған дейін Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Жантөре Әлбетов "Құрт-құмырсқа барлық жерде де бар емес пе?! Оны кім санап жүр дейсің" деген мысқылымен есте қалған болатын. Ал қазір мәселеге республика деңгейінде көңіл бөлініп отыр. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Марс Алмабек мәлімдегендей, Ақтөбе облысының құрт жайлап кеткен 10 мың гектар жері зерттеле бастаған. Жеке шаруашылықтар тиесілі жерлерін өз күштерімен улайды, кейін олардың химиялық затқа кеткен шығынының 50 пайызы субсидия түрінде кері қайтарылады. Биыл республика бойынша зиянкестерді улау шарасын субсидиялауға 32 млрд.теңге бөлінген, оның 584 млн.теңгесі Ақтөбе облысының үлесінде. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу