Сенатор Бибігүл Аққожина әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтарға аттестаттау жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін ережелерді өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін психологтар, дефектологтар, логопедтер мен тәрбиешілер мектептердегі әріптестеріне қарағанда төмен жалақы алады. Олар мүгедек балалармен жұмыс істесе де назардан тыс қалып отыр. Себебі, оларға басқа мұғалімдер немесе әлеуметтік қызметкерлер сияқты аттестациядан өту мүмкіндігі қаралмаған.
"Әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі педагогтарға аттестация жүйесінің болмауы кәсіби өсуге ынталандыруды жоюмен қатар, ерекше назар аударуды қажет ететін балалармен жұмыс сапасына да қауіп төндіреді. Аттестаттауды енгізу мамандардың біліктілігін объективті бағалауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде олардың жалақысының өсуіне және еңбек жағдайының жақсаруына әсер етеді. Мұндай аттестаттаудың қажеттілігі, әсіресе, жалақының айырмашылығына келгенде аса маңызды. Мысалы, білім беру мекемелерінде педагог-психолог 247 мың теңге алады, ал әлеуметтік қорғау мекемесіндегі әріптесінің жалақысы – 187 мың теңге", – деп атап өтті сенатор.
Бибігүл Аққожина еңбекақы төлеудегі мұндай алшақтық кәсіби ынта-ықыластың төмендеуіне ықпал ететінін, мамандардың біліктілігін арттыру мүмкіндігін шектейтінін баса айтты.
Депутат әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтарға аттестаттау жүйесін енгізуге мүмкіндік беру үшін ережелерді өзгертуді ұсынып отыр.